Pro Ligasy-ның аралық қорытындысы (2-ші бөлім)

31 jeltoqsan
1246

ҚХФ баспасөз қызметі Pro Ligasy командаларының ойындары бойынша аралық қорытынды жасайды. Бүгін турнир кестесінің жетінші мен тоғызыншы орын аралығындағы командалары сөз болады.

"Алматы" (9-шы орын, 28 матчта 32 балл)

Біздің тізімдегі ағымдағы маусым барысында бас бапкерін ауыстырған үшінші ұжым. Оңтүстік астаналық команда үнемі плей-офф аймағын жағалап жүреді, алайда мықтап орын тебуге әлі шамасы келер емес.

2020 жылдың соңы алматылық жанкүйерлер үшін аса табысты болмады. Оңтүстік команда соңғы он матчтың сегізінде жеңіліс тауып, осыдан кейін бас бапкер ретінде Владимир Князев тағайындалды. Команданы дағдарыстан шығару да ендігі соның міндеті. Абырой болғанда, ойыншылар үйлесімі қызықты матчтар өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа күнтізбелік жылды алматылықтар кубоктық сегіздіктегі қарсыластарымен өз алаңындағы ойындардан бастайды.

«Алматының» үздік бомбардирі – Нұрсұлтан Белгібаев (21 балл, 12+9). Ол маусымда оннан астам шайба салған лигадағы бірнеше ойыншының бірі.

"Горняк" (8-ші орын, 28 матчта 35 ұпай)

Рудныйлықтар қазіргі таңда кубоктық сегіздікті тұйықтап тұр, дегенмен әлі де өздерін сенімді сезінбейді. Бұл маусымда «Горняк» әдеттегідей чемпионат көшбасшыларына қарсы күрделі ойындарды өткізді. Ал қалған командаларды соққымен төпелеп, ұпайларын алып қана қоймай, өздері үшін аса маңызды жеңістерге жетіп келеді.

Желтоқсан айы Сергей Невструевтің командасы үшін ауыр болды. 12 матчта бар болғаны төрт рет жеңіске жетіп, «Горняк» екі рет алаңнан шайба салмастан кетті.

Жаңа жылды команда Алматы – Өскемен бағытындағы түздегі сапармен бастайды («Алтай Торпедомен» ойнайды). Бұл серияда рудныйлықтарға мүмкіндігінше көп ұпай жинау қажет, себебі оларды ары қарай өскемендік ұжыммен кездесулер күтіп тұр.

«Горнякты» алға жетелейтін негізгі көшбасшы – 15 (5+10) ұпай жинаған Алексей Бархаткин. Салынған шайбалар үшін Владислав Власов жауап береді, оның қоржынында қазір 11 нәтижелі соққы бар.

"Арлан" (7-ші орын, 28 матчта 41 балл)

Құрлықтық кубоктың Қазақстандағы жалғыз иегерін жетінші қатардан көру біртүрлі екені рас. Бәріне кінәлі маусымның ауыр басталуы, оның үстіне бас бапкер ауысып, құрам біртіндеп жаңарды. Сондықтан «Арлан» әдеттегі күшіне енді мінді. Желтоқсанда команда он матчтың алтауында жеңді, Дмитрий Шитиков (24 балл, 15+9, лиганың үздік сұр мергені) және Вадим Бердников (29 ұпай, 7+22, чемпионаттың екінші ассистенті) тамаша өнер көрсетті.

Жаңажылдық үзілістен кейін «көкшеліктер» «Снежные Барсы» командасымен кездеседі, ары қарай көкшетаулықтар «Номадпен» және «Торпедомен» сынға түседі. Сергей Бердниковтың ұжымы тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша ең жоғары орындар үшін күресуге қаншалықты дайын екенін де осы кездесулер көрсетпек.