Қазақстан чемпионаты жаңажылдық үзіліске кеткен уақытта ҚХФ баспасөз қызметі Pro Ligasy командаларының ойындары бойынша аралық қорытынды жасайды. Бүгін турнир кестесінің төменгі жағындағы командалар туралы сөз болмақ.
Қазақстан чемпионаты жаңажылдық үзіліске кеткен уақытта ҚХФ баспасөз қызметі ProLigasy командаларының ойындары бойынша аралық қорытынды жасайды. Бүгін турнир кестесінің төменгі жағындағы командалар туралы сөз болмақ.
"Снежные Барсы" (19-шы орын, 28 матч бойынша 13 ұпай)
Күткендей лиганың ең жас ұжымы әзірге тұрақтылық пен нәтиже бойынша тәжірибесі әлдеқайда мол қарсыластарымен бәсекеге түсе алмай жатыр. Команда әзірге лига бойынша орта есеппен әр матчта ең аз ұпай жинап отыр. Алайда елордалық ұжымның тәлімгері Александр Истомин айтқандай, жеңіліссіз толағай жеңістер болмайды, бұл жігіттер әлі-ақ топ жарады. Әзірге «Барыстардың» қоржынында үш жеңіс және қарсыластарына соққыны боратып, ұпай жинаған төрт кездесу бар.
Айтып өтетін жайт, маусымның көп бөлігін команда өз көшбасшысы Диас Гусейновсыз өткізуде. Өз легінің ең дарынды ойыншыларының бірін бапкерлер штабы шабуылдаушы жүрістер мен көпшілік құраммен ойындарда ұтымды пайдаланар еді.
Ол жоқта көшбасшылық бірнеше спортшының арасында бөлініске түсті. Олардың бірі қазіргі таңда команданың үздік бомбардирі болып табылатын капитан Олег Бойко (10 ұпай, 3+7).
"Ертіс" (12-ші орын, 20 матчта 24 балл)
Павлодарлықтар әзірге өздерінің лайықты орнында емес екені анық. Оның үстіне, команда әзірге ең аз ойын санын өткізіп, жоғалтқан ұпайлары бойынша плей-офф аймағында келе жатыр. Алайда «Ертістің» ең жоғары орындар үшін бәйгеге қашан орала алатынын дөп басып ешкім айта алмайды.
Маусым барысында бас бапкер ауысты, сондай-ақ құрам да біршама жаңарды. Бұл ойыншылар ең күрделі мақсаттарға қол жеткізуге қабілетті. Дегенмен, Жаңа жылдан кейін павлодарлықтарды тығыз жұмыс кестесі күтіп тұр. Сол себепті командаға өздеріне жайлы нәтижеге қол жеткізу үшін барын салу қажет.
Қазіргі таңда команда қоржынында сегіз жеңіс, ұпай жинаған екі матч және айтарлықтай төмен нәтижелілік бар – бір ойында орта есеппен екі шайбадан салды. Ұжым тек «Снежные Барсы» командасынан ғана ілгері келе жатыр.
Ұжымның үздік бомбардирі – шабуылшы Виталий Жиляков (13 ұпай, 6+7). Ойын уақытының көлемі бойынша көшбасшы да сол. Себебі Виталий тек тең құрамдарда ғана емес, көпшілік және азшылық құраммен шығатын арнайы бригадаларда да ойнайды.
"Ақтөбе" (11-ші орын, 26 матчта 28 ұпай)
Өткен маусымда ұлттық турнирлердің дебютанты бірінші талпыныстан-ақ Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Алайда биылғы маусымда батыстық командаға дәл сол нәтижені қайталау оңайға соқпасы анық. «Ақтөбеге» әзірге тұрақтылық жетіспейді. Иә, турнир кестесінің жоғарғы жағындағы бірнеше қарсыласты жеңді (чемпионатта барлығы 10 матчты жеңіспен аяқтады). Алайда ақтөбеліктер негізінен ұпайларды өзімен теңдес командалармен ойындарда жинады.
Жақында мұнда да бас бапкер ауысты. Команда әдеттегідей мұндай өзгеріске оң қабақ танытты және соңғы кездесулерде 12 балдың сегізін жинады. Алайда қаңтар айы «Ақтөбе» үшін қарбалас өткелі тұр. «Снежные Барсы» командасымен кездесуді қоспағанда, оларды көшбасшылар «Торпедо» және «Сарыарқамен», сондай-ақ мақсатқа жету үшін барын салатын «Ертіспен» кездесулер күтіп тұр.
Әзірге команданы тәжірибелі Степан Филонов (15 ұпай, 9+6) алға жетелеп келеді. Алайда «Ақтөбе» сапында тағы бір маңызды ойыншы – голкипер Дмитрий Мальгин бар. «Қызыл-қаралардың» тұрақты чемпионаттағы қорытынды орны да дәл осы спортшының ойынына байланысты болмақ.
"Алтай Торпедо" (10-шы орын, 30 матчта 32 балл)
Виктор Богатырёвтің ойыншылары биылғы маусымда біркелкі ойнамай келеді. Команда көшбасшыны жеңіп кетіп, ізінше турнир кестесінің ортасындағы қарсыластан ойсырай жеңілуі мүмкін.
Жаңажылдық үзіліске «Алтай Торпедо» қатарынан келген төрт жеңіліспен шығып отыр, оның үстіне нәтижелілік бойынша да түйткілдер бар. Бұл ойын кезеңінде бар болғаны бес шайба салынды. Сондықтан алдағы үзіліс өскемендіктер үшін күш-жігерді жинақтауға тапсырмас мүмкіндік.
Қазіргі таңда ұжым плей-офф аймағынан небәрі үш ұпайға артта қалып отыр. Сондықтан тұрақты чемпионаттың қалған бөлігіндегі мақсаттары айдан анық. Оның үстіне, алдағы ойын кезеңінде «Алтай Торпедо» көшбасшы үштіктегі қарсыластармен кездеспейді.
Команданың үздік бомбардирі қазіргі сәтте қоржынына 18 (5+13) балл жинап алған Александр Дзедаев болып отыр. Ян Хоменко қарсыластың қақпашысын сегіз рет састырды.
Келесі жарияланымда біз 9-шыдан 7-шіге дейінгі орындарды иеленген командалардың қазіргі жай-күйін талқылаймыз.