Қазақстан чемпионатындағы қаңтар айының қорытындысы

1 aqpan
763

1xBet Pro Hokei Ligasy-ның бесінші ойын айын қорытындылайық.

Үздіктер үштігі өзгеріссіз қалды және ондағы командалар ретін таңғажайып жайттар ғана өзгертуі мүмкін. «Хумодан» жеті ұпай айырмашылығымен алда келе жатқан «Арлан» (80 балл) бұрынғыша бірінші орында. Күні ертең ташкенттіктермен жекпе-жекте көкшетаулықтар тұрақты чемпионаттағы жеңісін рәсімдей алады.

Бүгін «Бейбарысты» жеңген «Номадтың» (67 балл) үшінші орынды иемденуіне ешнәрсе кедергі емес. «Торпедоның» плей-оффты үйден бастауына мүмкіндігі мол (58 ұпай).

«Ақтөбе», «Горняк» пен «Сарыарқа» плей-оффқа жолдама алды. Сондықтан кубоктік сегіздікте әзірге бір ғана бос орын бар. Оған үміткерлер екеу: «Бейбарыс» пен «Құлагер». Атыраулықтарға қалған төрт матчта бір ғана балл жинау жеткілікті болса, петропавлдықтарға бұл жарыста ғажайып құбылыс қана көмектесе алады.

«Алматы» мен «Ертіс» медаль үшін тартыстан шығып қалды.

Чемпионаттың үздік бомбардирі – Вадим Кравченко. «Хумо» форвардының есебінде 34 гол мен 24 нәтижелі пас бар. 50 ұпайлық межені аттаған тағы бір ойыншы – «Арланның» өкілі Дмитрий Гренц (19+35).

Өткен кезеңде ең ірі жеңіске «Хумо» жетті. Өзбекстандық ұжым 8 қаңтар күні өз алаңында «Ертісті» 10:0 есебімен ойсырата жеңді. Ең нәтижелі кездесулер 19 қаңтар күні Атырауда («Бейбарыс» «Ертісті» 10:2 есебімен жеңді) және 22 қаңтар күні Петропавлда өтті («Құлагер» «Номадқа» 3:9 есебімен жол берді). 


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.