Руслан Оспанов: «Мансаптағы мұндай сәттер хоккейшіге сенімділік береді»

5 qazan
698

Қыркүйек айының үздік жас ойыншысы атанған «Номад» шабуылшысы Руслан Оспанов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында хоккейдегі алғашқы қадамдары мен болашаққа жоспарлары туралы айтып берді.

- Хоккей ойнағаныңа көп болды ма? Және неліктен дәл осы спорт түрімен айналысам деп шештің?

- Хоккеймен үш жастан бастап айналысып келем. Ол кезде ата-анам мені мұз сарайындағы хоккей секциясына жетектеп апарған. Бірінші күні-ақ конькиге тұрып, сырғанап кеттім. Сол сәтте ата-анам да, мен де маған арналған спорт түрі осы деген ойға келдік. Сол шақтан бері хоккейден алыстаған емеспін.

- Жаттығулар туралы айтып берші, және ең басында өзіңді қалай дамыттың?

- Ең басында біз сырғанаумен көп айналысып, дағдыларды жетілдірдік. Қол техникасын, соққыларды шыңдадық. Әрине, барлығы бірден болған жоқ, алайда ынтамның арқасында барлығын меңгере бастадым, қазір сол дағдыларым өзіме азық.

- «Барыс» жүйесінен басқа тағы қайда, қандай командаларда ойнадың?

- Солтүстік Америкада бір маусым ойнадым. Онда өте мықты ұжым қалыптасты, өнімді ойнадым, мұхит асып, тамаша ойын тәжірибесін алдым.

- Сен үшін «Барысқа» оралу маңызды болды ма?

- «Барысқа» оралғаныма аса қуаныштымын. Мұндағы жігіттер мен бапкерлер көзкөрген жандар, бауырдай болып кеткен. «Номад» командасындағы ұжымымыз бір отбасы сияқты, өте жағымды атмосфера, мұндай ортада хоккей ойнап жаттығу рақат. Өзіміз үшін де, жанкүйер үшін де ойнаймыз. Қазақстан чемпионатында биылғы маусымдағы командалар мықты. Чемпионат басында «Хумодан» екі матчта жеңілдік, алайда қорқынышты ештеңе жоқ деп ойлаймын. Көздеп үлгермей қалдық. Әрі қарай қатарынан сегіз ойында жеңіске жеттік, өкінішке орай «Сарыарқаға» екі рет есе жібердік, алайда бәрін өз орнына келтіреміз.

- Қазір сен ұжымда статистика бойынша көшбасшылардың бірісің, нәтижелілік бойынша лигада екіншісің, қыркүйек айының үздік жас ойыншысың. Қандай сезімдесің? Сені әрі қарай жылжуға не ынталандырады?

- Тамаша сезімдемін. Мансаптағы мұндай сәттер хоккейшіге сенімділік береді, бұдан да жоғарырақ деңгейде ойнауға деген құлшыныс береді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.