Евгений Плаксунов: «Біз өз жұмысымызды дұрыс әрі сапалы орындауымыз керек»

9 jeltoqsan
1487

4 желтоқсан күні ҚХФ төрешілер корпусының өкілі Евгений Плаксунов «Барыс» – «Локомотив» матчында бас арбитр ретінде жұмыс істеді. ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Евгений өзінің жаңа тәжірибесінен алған әсерімен бөлісті.

- Евгений, ҚХЛ матчында жұмыс жасайтыныңды қалай білдің?

- Ойын күні мен Федерацияға бара жатқанмын. Маған Сергей Николаевич Радюк қоңырау шалып, кешке болатын "Барыс" – "Локомотив" матчына дайындалуым керектігін хабарлады.

- Дайындық ұзақ уақыт алды ма?

- Ойынға екі сағат қалғанда басқа бас төреші – Иван Фатеевпен танысып-білістік. Одан соң қандай жағдайда кім қалай әрекет ететінін планшет бетінде сыздық. Кім әдістемелік тұрғыдан қандай сәттерді бақылайтынын анықтадық. ҚХЛ-да барлық матчтар төрт төрешінің қатысуымен өтеді. Және қаперде ұстайтын белгілі бір әдістемелік сәттер болады. Кімнің неге жауап беретінін барлығы айқын түсінеді.

- «Барыс» пен «Локомотив» қазіргі жағдайда осы маусымның басты қарсыластары болып отыр. Сол себепті бұл матч ерекше қызығушылығыңызды туғызды ма?

- Жоқ. Бұл тұрғыдан Қазақстан чемпионатындағыдай сен кім ойнайтынына қарамастан, кез келген матчқа ден қоясың. Біз өз жұмысымызды дұрыс әрі сапалы орындауымыз керек».

- Қазақстан чемпионаты мен ҚХЛ-дағы ойын бір-бірінен қатты ерекшелене ме?

- Бастапқыда әрине белгілі бір айырмашылық болды. ҚХЛ-да бәрі жылдамырақ жүреді. Тағы бір ерекшелік – алаңның өлшемі. «Барыс-Аренада» алаң кішірейтілген. Сол себептен динамика да артады. Ондай сәттерде әрдайым дайын болып, әрдайым қозғалыста жүріп, шолу нүктелерін ауыстырып отыру қажет. Бастапқы бірнеше минутта мен алаңда болып жатқан қимылдарға бейімделумен болды. Ары қарай үйренісіп, еш қиындық туындаған жоқ.

- Жаңа тәжірибең туралы не айта аласың?

- Жаңа тәжірибе екені сөзсіз. Бұған дейін мен ҚХЛ командалары қатысқан матчтарда жұмыс жасап көрдім, алайда оның барлығы маусымалды турнирлер болатын. Ал мұнда сәл басқаша. Меніңше, кез келген төреші үшін ҚХЛ матчында жұмыс жасау – тамаша мектеп. Бастысы матч алдында жақсылап ден қойып, мұз айдынына жинақы шығу.