Қазақстан Кубогі - 2018. Тарихы мен фактілері.

20 tamyz
983

2018 жылы Республика кубогі Қарағанды мен Астанада өтті. «А» тобында барлығынан "Алтай-Торпедо" басым түсті. Алайда сол сәтте шығысқазақстандықтардың ондай шарықтауы көпшілікті таңғалдырған жоқ.

Өскеменде маусымаралықта ауқымды іріктеу жүргізіліп, клубтың алдына ең биік межелер қойылды. Ерлан Сағымбаевтың ойыншылары өз жанкүйерлері мен клуб басшылығының сенімін ақтап, көшті бастады. Шығыстың жігіттерін тіпті Кубок фавориттері «Арлан» мен «Құлагер» де қуып жете алмады. «Теміртау» мен «Горняк» та жер сипап қалды.

«В» тобында тартыс күштірек болды. Соңғы турға дейін Кубок финалы үшін «Номад» пен «Ертіс» таласты. Нәтижесінде шешуші матчтағы 10 ұпаймен павлодарлықтар алға шығып, «Номадтың» үшінші орын үшін матчты күтуіне тура келді. Сондай-ақ бұл топта атыраулық «Бейбарыс», «Алматы» мен «Астана» да өнер көрсетті.

Үшінші орын үшін матчта «Номад» көкшетаулық «Арланды» жеңді. «Көшпенділердің» сол матчтағы жеңісін жеңіл келді деуге келмейді. Керісінше, елордалық ұжым бар күшін жинап, ойын барысын өзгертті. Станислав Боровиков матчтың ортасына қарай көкшеліктерді алға шығарды. Алайда осыдан кейін тек қана «Номад» ойыншылары гол салып отырды. Илья Ковзалов үзіліске кетпес бұрын таблодағы есепті теңестірді. Үшінші кезеңде Иван Верещагин мен Егор Шалаповтың шайбалары «Номадтың» «қола» матчтағы жетістігіне жол ашты.

Республика кубогінің финалында «Ертіс» пен «Алтай-Торпедо» жолықты. Қос ұжым да топтық кезеңді лайықты өткізіп, бұл жұптың арасынан фаворитті анықтау оңайға соққан жоқ.

«Ертіс» белгілі бір дәрежеде өзінің 2016 жылғы финалын қайталағандай болды. Михаил Качулин кездесудің 12-ші минутында «Ертісті» алға шығарды. Таблодағы есеп жекпе-жектің 49-шы минутына дейін өзгеріссіз тұрды. Ойынның ең қызық тұсы да осы болды. Алдымен Артём Бурделёв есеп теңестірді, ал араға 2 минут салып,Андрей Спиридонов «Алтай-Торпедо» үшін тарихи шайбаның авторы атанды. Нәтиже 2:1 – «Торпедо» фарм-клубының алғашқы жетістігі!

Еліміздің хоккей федерациясының пікірінше, сол турнирдің үздік ойыншылары:

Үздік қақпашы - Илья Румянцев ("Ертіс")

Үздік қорғаушы - Александр Пелевин ("Номад")

Үздік шабуылшы - Андрей Спиридонов ("Алтай-Торпедо")

Үздік жас ойыншы - Андрей Буяльский ("Теміртау")

2018 жылғы Қазақстан кубогінің үздік бомбардирі өз қоржынына 6 (4+2) ұпай салған шабуылшы Дмитрий Шитиков ("Арлан") болды.

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.