Pro Hokei Ligasy-ның тұрақты чемпионаты 9 қыркүйекте басталады

2 tamyz
1536

ҚХФ Республикалық жарыстар өткізу бөлімі 2023/24 жылғы маусымдағы Қазақстан тұрақты чемпионатының күнтізбесін ұсынады.

2023/24 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатының медальдары үшін 11 ұжым тартысады. Олар: «Ақтөбе», «Алматы», «Арлан», «Бейбарыс», «Горняк», «Ертіс», «Құлагер», «Номад», «Сарыарқа», «Торпедо» және «Хумо». Турнир үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде барлық командалар өзара төрт матчтан ойнайды (2 – үйде, 2 – түзде). Чемпионаттың алғашқы ойын күнінде (9 қыркүйек) Астанада өткен маусымның финалистері «Номад» пен «Хумо», ал Қарағандыда «Сарыарқа» мен «Алматы» кездеседі. 10 қыркүйекте «Торпедо» - «Бейбарыс», «Ертіс» - «Ақтөбе» мен «Құлагер» - «Арлан» матчтары өтеді. «Горняк» маусымды 10 қыркүйекте бастайды, бұл күні рудныйлықтар Петропавлда «Құлагермен» ойнайды.

Айта кететін жайт, бірінші кезеңнің кестесі «Номадтың» Құрлықтық кубоктегі ойындарын ескере отырып жасалған. Елдің қазіргі чемпионы Pro Ligasy-нда 11 және 24 қараша аралығындағы ойын кезеңіне қатыспайды. 27 желтоқсан күні бастапқы кезеңнің қорытынды ойындары өтеді.

Әрі қарай бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша алынған орындарға қарай екінші кезеңнің күнтізбесі жасақталады. Ұжымдар тағы 10 матчтан (5-еуі үйде, 5-еуі түзде) өткізеді. Кездесулер реті командалардың қозғалу логистикасына қарай тағы да түзетіліп отырады. Екінші кезеңнің қорытынды матчтары 6 немесе 7 ақпанға жоспарланған. Осылайша, тұрақты чемпионатта әрбір қатысушы 50 ойыннан өткізеді.

Әрі қарай сегіз үздік ұжым плей-оффқа (үшінші кезең) шығып, оның қорытындысы бойынша Pro Hokei Ligasy-ның чемпионы мен жүлдегерлері анықталады. Кубоктік раунд 12 ақпанда басталады, плей-оффтың барлық сериялары төрт жеңіске дейін өтеді. Финалдың жетінші матчы (қажет болған жағдайда) 17 сәуірде өтеді.

2023/24 жылғы маусымдағы Қазақстан чемпионатының күнтізбесін келесі сілтеме бойынша көруге болады. Алдағы уақытта біздің барлық ойындар ресурсымыздың тиісті бөлімінде қолжетімді болады.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.