Екі ай бойы Pro және Jastar Hokei Ligasy клубтарының өкілдері демеушілермен өзара іс-қимыл жасауды үйрететін арнайы бағдарламаға қатысты.
Аталмыш бағдарлама аясында сегіз дәріс өтіп, онда демеушілер платформасын қалыптастыру, демеушілік мүмкіндіктердің құнын есептеу, демеушілерді тарту процесі, өңірлік бизнес-клубтар құру және т.б. мәселелер қаралды. Бағдарламаны ҚХФ және Халықаралық спорт менеджменті мектебі (ХСММ) ұйымдастырды.
Дәрісті ХСММ басшысы, спорт ұйымдарын дамыту жөніндегі консультант Максим Белицкий және спорттық демеушілік саласындағы «Sponsor Value» талдау компаниясының басшысы Алексей Попов оқыды.
- Курстың басты міндеті – демеушілерді тартудың, демеушілік тиімділік пен демеушілік құқықтың бағасын есептеудің нақты құралдарын беру, - дейді Максим Белицкий. – Сондай-ақ біз тыңдаушыларға демеушілік психологиясын және компаниялардың спортқа демеушілік жасау туралы шешім қабылдаудағы ұстанымдарын ұғындырғымыз келді. Және біз аспандағы айды, «Барселона» футбол клубы немесе ҰХЛ клубтары сияқты жаһандық аудиториясы бар клубтар туралы айтқан жоқпыз. Әңгіменің ауаны хоккейдің айналасында, өңірлік шағын және орта бизнес кәсіпкерлерімен жұмыс жасауда қолдануға болатын нақты ұсынымдар болды. Тыңдаушылардың көпшілігінің белсенділігі ұнады, тақырыптың оларға қызық екені байқалды. Кері байланыс көп болды, дәрістердің бірі тіпті біздің тыңдаушылардың сұрақтарына арналды. Айтып өтетін жайт, курстың аяқталуы серіктестік аяқталады деген сөз емес, біз жігіттерге әрі қарай да кез келген уақытта қолдау көрсетуді жалғастырамыз. ҚХФ-ға ұсынылған мүмкіндік үшін алғыс айтамын. Федерацияның заман ағымымен жүретіні және коммерциялық қызметке үлкен назар аударатыны көрініп тұр. Федерация клубтар түрлі компаниялармен өзара іс-қимыл барысында табыс таба алатындай жолдарды іздестіреді. Жалпы алғанда, тұтас қазақстандық спорттың соңғы уақытта ұйымдастырылуы жақсарып келе жатыр, хоккейден бөлек футбол мен теннисті атап өтуге болады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, хоккейден Қазақстан құрамасына алдағы әлем чемпионатында жеңістер тілеймін!
- Курстар қызықты, пайдалы ақпаратқа толы болды, - дейді Ақтөбе облысының Шайбалы хоккей федерациясының баспасөз хатшысы Марат Жұмабаев. – Біз теориялық бөлікпен де, қолданыстағы практикалық кейстермен де таныстық. Өзім үшін қорытынды шығарып, оны үш бөлікке бөлдім. Біріншісі – қазір немесе жақын арада енгізуге болатыны. Екіншісі 50/50, қызықты нұсқалар бар, алайда жарнама беруші мен осы өнімді әлеуетті алушылардың психологиясы мен менталитетіндегі айырмашылықты қарау қажет. Үшінші топ – мен оны «ғарыш» деп атадым, мұнда сен барлығын жан-дүниеңмен түсінесің, алайда әзірге біз үшін қолжетімсіз. Алайда бұл басы ғана, уақыт өте келе үшінші топтағы кейстерді де жүзеге асыра аламыз деген үміттемін. Өте қызықты болды, мұндай ақпараттың артық болмайтыны анық. Осындай курс өткізген спикерлер мен Қазақстан хоккей федерациясына алғыс айтамын.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.