Михаил Шанцевой: «Әр ойында 40 реттен соққы жасадық, алайда бір-екі шайбаны ғана дарыттық»

13 naýryz
1385

«Ақтөбенің» бас бапкері Михаил Шанцевой клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен маусымды қорытындылады.

- Михаил Геннадьевич, аяқталған маусым «Ақтөбе» үшін қалай өтті?

- Маусым бірқалыпты болмады. Жақсы матчтар мен сериялар да болды. Құлдыраған кезеңдер де болды. Қорытынды нәтиже тұрғысынан алатын болсақ, маусымға көңіл толмады. Себебі өткен маусымнан жақсырақ ойнау деген міндет тұрған. Атап айтқанда, плей-оффтың бірінші раундынан өту деген.

- Жеңістер мен жеңілістер қатар жүрді. Тұрақтылық үшін сіздіңше не жетіспеді?

- Сіз қатар жүрді деп дұрыс айтасыз. Тұрақтылықтың болмауының бір себебі команданың физикалық дайындығы шығар. Күнтізбе кей тұстарда біз үшін ыңғайсыз болып жатты. Чемпионаттағы кейбір үлкен үзілістер бізге кедергі болды. Оның себебін қазбалай берсек, табамыз. Бірақ болары болды.

- Бәрінен де қай қарсыласқа қарсы матчтар есте қалды?

- «Құлагер» мен «Горняк» командасына қарсы түздегі сериялар, сондай-ақ «Хумо» мен «Сарыарқаға» қарсы үйдегі матчтар. Матчтар тартысу жағынан өте екпінді болды, жігіттер барын салды. Біз сол кезде алғаш рет қарағандылықтарды негізгі уақытта жеңдік. Жанкүйерлерге ол матчтар ұнағанына сенімдімін.

- Екінші жыл қатарынан ширек финалда «Бейбарысқа» қарсы ойнадыңыздар. Жекпе-жектердің қайсысында «Ақтөбенің» серияда жеңу мүмкіндігі көбірек болды?

- Иә, екінші серияда «Бейбарыстан» қарымта қайтарғымыз келді. Матчтарда беріспей ойнадық. Қазіргі серияның алғашқы үш ойыны біздің бақылауымызда өтті. Бірінші матчта өкінішке орай бірінші кезеңде сүріндік, ал қарсыласты қуып жету мүмкін болмады. «Бейбарысты» алға сүйреген – соққылардың көпшілігіне тойтарыс беріп, сейв жасаған қақпашы деп санаймын. Біздің өз-өзімізге деген сенімділігіміз жетіспеді. Алайда ең бастысы – біздің жүзеге асыруымыз мүлт кетті. Әр ойында 40 реттен соққы жасадық, алайда бір-екі шайбаны ғана дарыттық. Шайбаларды дарытудағы осалдық пен концентрацияның нашарлығы – біздің сүріндірген негізгі факторлар осылар.

- Жанкүйерлерге айтар бір ауыз сөзіңіз болса.

- Жанкүйерлерімізге тұрақты чемпионатта, плей-офф сериясында жеңіс күндері де, жеңіліс күндері де білдірген қолдаулары үшін алғыс айтқымыз келеді. Бұл ойыншылар үшін маңызды аса маңызды, олар қолдауды сезеді, күш алады. Жанкүйерлеріміз ештеңеге қарамастан клубқа әрі қарай да қолдау білдірсе деп тілеймін. Бұл келесі маусымда жақсы нәтижелер мен алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектеседі. Қолдау көрсеткен баршаға рақмет!

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.