Андрей Коровкин: «Қатемен жұмыс ұдайы жүргізіліп отырады»

9 naýryz
899

Қазақстандық хоккей төрешілерінің жұмысы туралы жарияланымдар топтамасын бастаймыз.

Андрей Коровкин ҚХФ-ның төрешілер корпусына 2014 жылдан бастап кіреді, 2017-2018 жылғы маусымнан бастап бас төреші ретінде жұмыс жасай бастады. Сұхбатында ол плей-офф басталар алдындағы жиындар туралы баяндап, заманауи хоккейде техниканы пайдаланудың маңыздылығына баға берді.

- Андрей, маусым басталар алдында жаз мезгілінде сіз плей-офф алдындағыдай ұқсас жиындарға қатыстыңыз. Бағдарламалардың бір-бірінен айырмашылығы бар ма?

- Айтарлықтай жоқ, қазір оңайлау. Жігіттер әбден төселген. Жазда дегенмен қиындау, кейбір қалаларда мұз жоқ, олар жиындарға өз беттерімен дайындалады. Қазір, менің ойымша, әлдеқайда оңайырақ, ешбір айырмашылық жоқ, барлық жаттығулар бірдей.

- Биылғы маусымның басым бөлігі артта қалды. Қазір біздің чемпионат қандай деңгейде деп санайсың?

- Хоккейшілердің деңгейіне баға беретін мен емес, әрине. Төрешілердің деңгейі туралы айта аламын және өскенін байқаймын. Қазір біз үшін көп дүние жасалуда, қатемен жұмыс ұдайы жүргізіліп отырады, жиналып, сөйлесеміз. Кейбір сәттерді, дұрыс шешім қабылдаған жайттарды жіберіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы маусымда төрешілердің деңгейі өсті деп санаймын.

- Биылғы маусымда техника өте белсенді қолданылуда. Бұл төрешілердің жұмысына көмектесе ме, қалай ойлайсың?

- Техника өте қатты көмектеседі. Мәселен, трибунадан қарасаң бір басқа, мұзда қарасаң бір басқа. Камерадан мүлдем басқалай көрінуі мүмкін. Қолыңда аппаратура болса, сен өз камераңнан бейнеүзіндіні беріп, сол сәтті дәл өзің қалай көргеніңді, қалай шешім қабылдағаныңды негіздейсің.

- Қазақстандық төрешілер халықаралық аренада көбірек тәжірибе ала бастады, түрлі дивизиондардағы әлем чемпионаттарында қызмет етеді. Қалай ойлайсың? Осының барлығының біздің төрешілерге оң ықпалы бар ма?

- Басқа турнирлерді көріп, жұмыс жасау әрдайым қызықты. Әріптестермен тілдесіп, олардың қалай жұмыс жасайтынын көру, өзіңе пайдалы дүние алу. Келе салысымен мұндағыларға айтып береміз, тәжірибе мен алған әсерімізбен бөлісеміз, талқылаймыз. Алайда әртүрлі сәттер болады, олардың чемпионаты басқа, біздікі басқа. Барлығы бірдей бола бермейді.

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.