Меньщиковтің елу ұпайы, сенімді Смирягин. Тұрақты чемпионаттың қорытындысы

10 aqpan
1197

2022/23 жылғы маусымдағы Parimatch-Pro Hokei Ligasy тұрақты чемпионатының жекелеген қорытындыларын ұсынамыз.

Тұрақты чемпионаттың үздік бомбардирі мен ассистенті Александр Меньщиков (15+35) болды. «Арланның» форварды бес матч бойы ұпай жинап, соңғы жекпе-жекте өзін өкшелеп қуып келе жатқан ойыншыдан озып, Лигадағы 50 ұпайға қол жеткізген жалғыз ойыншы атанды. Бір қызығы, шабуылшы 11 шайбаны артық құраммен салды. Маусымның бес ойынында Меньщиков үш және одан асыра балл жинады. Ойыншының пайдалылық көрсеткіші +19 болды. Сонымен қатар Александр тастаған шайбалар жеңісінің жоғары көрсеткішке ие екенін де атап өткен жөн. Ол шайба тасталған сәттердің 59,2%-ында жеңімпаз атанып отырды.

Чемпионаттың үздік сұрмергені атағын 28 гол салып, Меньщиковтен бір ғана балл артта қалған Кирилл Казаков алды. Мұнда «Номад» шабуылшысында біршама үстемдік болғанын атап өту қажет. Универсиада өтетін уақытта Казаков «Снежные Барсы» командасына жіберілді. Сондықтан Кирилл іс жүзінде 46 матч ойнады. Форвардтың активінде жеті дубль және бір хет-трик бар, жалпы пайдалылық көрсеткіші +21.

Чемпионаттың үздік бомбардирлері үштігін +25 пайдалылық көрсеткішімен 47 (24+23) ұпай жинаған Антон Злобин тұйықтады. «Сарыарқадан» Александр Борисевич кеткеннен кейін дәл осы Злобин Петерис Скудраның шабуылдаушы схемасындағы басты ойыншылардың бірі болды. Антонның есебінде бес дубль, үш және одан асыра балл жинаған төрт кездесу бар.

Эдгарс Сиксна тағы да тұрақты чемпионаттың ең нәтижелі қорғаушысы атанды. «Сарыарқаның» капитаны биылғы маусымда алты матчта шайба өткізіп алғанымен, +36 пайдалылық көрсеткішімен 34 (6+28) балл жинай білді.

«Хумолық» Роман Смирягин тұрақты чемпионатты маусымда 20 және одан көп матчта ойнаған қақпашылар арасынан үздік көрсеткішпен аяқтады. Голкипер мұзда 1500-ден астам минут өткізіп, 26 матчта 17 жеңіске қол жеткізді, соққылардың 92,8%-ына тойтарыс берді, бұл ретте әрбір ойында орта есеппен 1,9 шайба өткізді. Романның есебінде 5 құрғақ матч – бұл Лигадағы үздік көрсеткіш.

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.