Назарларыңызға хоккейден Қазақстан чемпионатының екінші айының кейбір статистикалық қорытындысын ұсынамыз.
«Сарыарқа» күздің екі айының қорытындысы бойынша сөзсіз чемпионат көшбасшысы болып табылады. Қазан айында қарағандылықтар маусымдағы алғашқы және әзірге жалғыз жеңілісіне ұшырады. Шахтерлер астанасының ұжымы 20 матчтың 19-ында жеңіске жетіп, 39 ұпай жинады. Бұл ретте Петерис Скудраның ойыншылары нәтижелілік бойынша лиганың көшін бастап тұр. Қоржынында 89 гол бар.
Қарағандылықтарды өкшелеп қуып келе жатқан – «Бейбарыс». Атыраулықтар 16 матчтың 12-ісінде жеңіске жетіп, 25 ұпай жинады. Көшбасшылар үштігін тұйықтаған – «Арлан» (22 балл). Көкшетаулықтар 16 матчтың 11-інде жеңді.
Лиганың ең аз шайба өткізген ұжымы – «Номад» (29 шайба өткізген). «Көшпенділер» маусым басында сәл ауытқыды, алайда Ғалым Мамбеталиевтің ойыншылары өз ойын өрнегін тауып, төртінші қатарды иеленіп отыр (19 ұпай).
«Ертістің» аралық бесінші орында тұрғаны көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Маусым басталарда павлодарлықтарды кубоктік раунд қатысушылары қатарында көрушілер аз еді. Алайда жас ұжым биылғы маусымда көп нәрседен дәмелі екенін дәлелдеді.
Ал плей-офф аймағынан тыс бір ай бұрын ғана үздіктер үштігіне кірген «Ақтөбе», «Торпедо», «Алматы» және «Снежные Барсы» қалды.
Өткен айда ең ірі жеңіске «Сарырқа» жетті. 23 қазанда қарағандылықтар түзде «Алматыны» 9:1 есебімен жеңді.
Айдың ең нәтижелі ойыны Петерис Скудра командасының қатысуымен өтті. 16 қазанда шахтерлер астанасында «Сарыарқа» мен «Снежные Барсы» бірігіп 12 шайба салды (9:3 есебімен алаң иелері жеңді).
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.