Маусымға бет алдық. "Снежные барсы"

5 qyrkúıek
1442

ҚХФ баспасөз қызметі PRO HOKEI LIGASY-ның алдағы маусымының қатысушыларымен таныстыруды бастайды. Бүгін ұлттық турнирлердің дебютанттары – нұр-сұлтандық «Снежные барсы» туралы айтпақпыз. Елордалық «Барыстың» жастар командасы көз көргелі ресейлік ЖХЛ-ға қатысып келді. Соңғы жылдары «Снежные барсы» Қазақстанның жастар құрамасын жасақтауда негізгі командаға айналды.

Өткен маусым

Команда ЖХЛ-дың плей-офф кезеңіне шыққан 2018-2019 жылдардағы табысты маусымнан кейін «Барыстар» келесі кезеңде аса сенімділік танытқан жоқ. 2019-20 жылдардың тұрақты чемпионатында Нұр-Сұлтан қаласының ұжымы ЖХЛ Шығыс Конференциясында бар болғаны 15-ші орынды иеленді. Алайда айта кететін жайт, маусым бойы көптеген ойындарда бапкерлер құрамы түрлі себептермен оңтайлы құрамды жасақтай алмады. Әйтсе де, мұның тиімді тұсы да бар – жиі үздік ойыншылар негізгі құрамдарға жіберіліп, мүлдем басқа деңгейдегі ойын тәжірибесін жинақтап отырды.

Бас бапкер

Жаңа маусымға «Снежные барсы» жаңа бас бапкермен аяқ басады. Командаға Қазақстанда кеңінен танымал маман Александр Истомин тәлімгерлік етеді. Ұзақ жылдар бойы ол атыраулық «Байбарыста» еңбек етіп, Батыс Қазақстан облысының клубы ұлттық біріншіліктерде төрт рет алтын медаль иеленген болатын.

2018 жылдан бері Александр Анатольевич «Барыс» жүйесінде жұмыс жасап келеді. Үстіміздегі жылдың көктемінде «Барыс» ЖХК оның жетекшілігімен елдің жастар чемпионатында бірінші орын алды. Дәл осы команда құрамының ойыншылары түгелдей дерлік «Снежные барсы» сапына қосылды және командамен маусымалды жиындарды өтуде.

Ауысулар

Жалпы алғанда, өткен жылғы құрам толығымен клуб жүйесінде қалды деуге болады. Тек қазақстандық жастар командасына жасына байланысты сәйкес келмейтін спортшылар кетті. Кейбір ойыншылар қазір «Номадпен» жаттығуда. 2003 жылы туылған жастар өздерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Үздік ойыншы

Өткен жылы «Снежные барсы» командасында ұзақ уақыт бойы ЖХЛ-дың ең нәтижелі ойыншыларының қатарынан көрінген Диас Гусейнов үздік ойыншы атанды. Алайда кейін ол «Номад» сапына қосылды. Сол себепті Диас жаңа маусымды сол жақтан бастауы мүмкін деген болжам бар.

Аңсар Шайхмедденов

Оны тағы бір тапқыр орталық шабуылдаушы Аңсар Шайхмедденов алмастыра алады. «Барыстардың» құрамында мықты сұрмергендер бары бар (Максим Мусоров, Владислав Сайко, Станислав Александров және басқалары). Алайда олардың барлығы командаластарына тәуелді, сол себепті оларға шайбаны жеткізіп отыратын адам керек. Дәл осы қызметке шабуылды өзі-ақ тәуір аяқтай алатын Шайхмедденов жарайды. Жақында өткен екіжақты кездесуде ол хет-трик жасап, матчтың көзге түскен ойыншыларының бірі болды.

Не күтеміз

«Снежные барсы» чемпионаттың ең жас командасы болатыны түсінікті. Және оларға тәжірибесі мол, әбден төселген ұжымдарға қарсы тұру аса ауыр болуы да мүмкін. Алайда әрбір матчқа Александр Истоминнің командасы намыстарын жанып, көздерінен от шашып шығады деп нық сеніммен айтуға болады, ал жігіттердің әрбірі биік өнер көрсетуге тырысып-бағады.