Pro Ligasy-дағы қараша айының қорытындысы

1 jeltoqsan
2796

Қыстың алғашқы күнінде Қазақстан ересектер чемпионаты бойынша қарашаны қорытындылаймыз.

1 желтоқсанның таңына турнир кестесінің аралық көшбасшысы бұрынғыша «Арлан» болып отыр. Алайда өз орнында бұрынғыдай нық отыр деуге келмейді. Көкшетаулықтар өткен айда екі жекпе-жекте жеңіліп, 24 матчтан кейін қоржынға 40 балл жиды. Бұл ретте Сергей Бердниковтің ұжымы –Лигадағы ең нәтижелі команда. «Арланның» хоккейшілері бүгінгі таңда 94 шайба салды.

Дәл осыншама матч өткізген «Бейбарыс» көшбасшыдан бір ғана ұпай артта келеді, айтқандай атыраулықтар айды қатарынан алты жеңіспен аяқтады. Атыраулықтар әдеттегідей сенімді хоккей көрсетіп жүр, ара-арасында таңғажайып голдар салады.

Айдың командасы ретінде бірде бір жекпе-жекте жеңіліс көрмеген «Номадты» атауға болады. Қазір «көшпенділердің» жеңіс сериясы қатарынан 11 ойын бойы жалғасып келеді. Осының арқасында Александр Высоцкийдің ойыншылары турнир кестесінде оқ бойы озып, қазір үшінші орынға табан тіреді (27 матчтан кейін 39 балл).

Қазақстанның қазіргі чемпионы «Сарыарқаның» Құрлықтық кубок кезеңіне сапары сәтті болып, ұлттық Лиганың ең жоғары орындары үшін күресті жалғастыруда. Кезекті кезеңге қарағандылық ұжым жаңа бас бапкер Александр Макрицкиймен аяқ басып отыр. Қазіргі таңда «Сарыарқа» – қорғаныста ойнау бойынша Pro Ligasy-ның ең сенімді командасы. Сары-қаралар барлығы 35 шайба өткізді.

Турнир кестесінің төменгі бөлігінде плей-офф үшін нағыз тартыс жүріп жатыр. Бәрінен де «Ертістің» халі мүшкіл, кубоктік көктемді көруі екіталай. Ал бірден бес ұжымды плей-оффтан үш балл бөліп тұр. Сондықтан тұрақты чемпионаттың екінші бөлігі тартысты болатын түрі бар.

Қарашаның ең нәтижелі матчы Атырауда өтті. «Бейбарыс» өз алаңында «Ертісті» 8:4 есебімен жеңді.

Осы айдағы ең ірі жеңіске кеше «Номад» жетті. «Көшпенділер» рудныйлық қарсыластарын 9:0 есебімен ойсырата жеңді.

Чемпионаттың бүгінгі таңдағы ең үздік бомбардирі – Дмитрий Гренц. «Торпедоның» шабуылшысы 32 (14+18) балл жинады. «Алматылық» Никита Баженовпен және «ақтөбелік» Денис Скатовпен бірге Гренц те Лиганың үздік мергені атанып отыр.