Степан Санников: «Мұнымен шектелмей, осы қарқынды жалғастыру керек»

8 qarasha
194

Pro Ligasy-ның қазан айындағы үздік шабуылшысы атанған «Арлан» ойыншысы Степан Санников өзіне берілген атаққа қатысты пікір білдірді.

– Степан, қазан айының үздік ойыншысы атануыңызбен құттықтаймыз! Өткен айды қалай бағалайсыз?

– Құттықтауларыңызға рақмет! Мен өз алдыма ұпай жинауға қатысты ешқандай мақсат қоймаймын. Ең бастысы – мұз айдынына шығып, бар күшіңді салып ойнау және команданың жеңіске жетуіне көмектесу. Өткен айды өзім үшін де, команда үшін де оң бағалаймын. Ойын кестесі өте тығыз болды. Осындай күрделі кезеңнен абыроймен өткеніміз қуантады.

– Қазан айында бірден үш хет-трик жасадыңыз. Бұл – керемет нәтиже! Солардың қайсысы есіңізде ерекше сақталды?

– Шынымды айтсам, иә, бұл мен үшін де таңғаларлық жағдай. Бұған дейін ересектер деңгейіндегі бүкіл мансабымда небәрі үш хет-трик жасаған едім. Ал бұл жолы бір айдың ішінде үш рет осындай нәтижеге қол жеткіздім. Ең есте қалғаны – «Құлагерге» қарсы матч. Сол кездесу эмоцияға толы болды.

– Қазан айы сіз үшін өте нәтижелі өтті. Сіздің ойыңызша, мұндай жетістіктің басты сыры неде?

– Бестіктегі ойыншылардың өзара жақсы түсінісуі, түрлі ойын жағдайларында серіктестерімнің қолдау көрсетуі осындай нәтижеге қол жеткізуге көмектесті. Мұнымен шектелмей, осы қарқынды жалғастыру керек. Әрине, басты мақсат – команда болып үлкен жетістіктерге жету.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.