Егор Анисимов: «Егер командаласым тиімдірек позицияда болса, шайбаны оған беремін»

5 qarasha
268

Pro Ligasy-ның қыркүйек айындағы үздік шабуылшысы атанған «Құлагер» ойыншысы Егор Анисимов өзіне берілген атаққа қатысты пікір білдірді.

– Егор, 22 матчта 30 ұпай жинадың. Маусымның басталуына көңілің тола ма?

– Жалпы, иә. Бірақ мінсіз нәтижеге әлі жеткен жоқпын. Көрсеткіштерім көңіл қуантады, әсіресе голдан гөрі нәтижелі пастарымның көп болғаны ұнайды. Мен өзімшіл емеспін, егер командаласым тиімдірек позицияда болса, шайбаны оған беремін.

– Сен командадағы ең көп ұпай жинаған ойыншысың. Бұл саған үлкен жауапкершілік жүктемей ме?

– Жоқ. Хоккей – командалық ойын. Егер бір звенода ойнайтын серіктестерім болмаса, мұндай ұпайлар да болмас еді. Мен тек мұз айдынында өз жұмысымды жақсы атқаруға тырысамын, ал статистика соның нәтижесінде қалыптасады.

– Сенің еншіңде жеңіс әкелген екі гол бар. Шешуші сәттерде жақсы ойнайтыныңды сезінесің бе?

– Әрдайым солай болғанын қалаймын. Бірақ жеңіс голы – бүкіл команданың еңбегі. Біреу қорғаныста жақсы ойнады, енді біреу шайбаны ойынға қосу кезінде басым түсті. Ал менің қажетті уақытта қажетті жерде болғаным – сәттілік.

– Шайбаны ойынға қосу демекші, осыншама матчта 51,9% көрсеткішке қол жеткіздің. Бұл сенің көпшілік біле бермейтін қабілетің бе?

– Былай айтайын, өз пайдаңа қосымша бір пайыз артықшылық алу да жаман емес. Шайбаны ойынға қосу кезінде жеңіске жету – шайбаға иелік ету деген сөз. Ал бұл қорғаныста азырақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Іс жүзінде кез келген шабуыл осы сәттен басталуы мүмкін.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.