«Номадтың» халықаралық турнирлердегі ойыны

4 qarasha
302

5–8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында ерлер арасында хоккейден Азия чемпионаты өтеді. Дәл осы күндері Санкт-Петербургте Қазақстан жастар құрамасы Болашақ кубогінде өнер көрсетеді. Осы турнирлерге шақырту алған елордалық «Номад» клубының ойыншыларына тоқталамыз.

#1 Владислав Нурек – қақпашы

Қақпашы биылғы маусымның басым бөлігін «Барыс» сапында өткізді. «Номад» құрамында Нурек 6 матч өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жетті. Сенімділік коэффициенті – 1,96, ал қайтарған соққыларының үлесі – 93,7%.

#5 Кирилл Никитин, #13 Артём Королёв, #19 Александр Макаров, #25 Руслан Тусупбеков – қорғаушылар

Бұл төрттіктің ішіндегі ең тәжірибелісі – Королёв. Оның еншісінде ел чемпионатының жүлделерімен қатар, халықаралық жарыстарда, соның ішінде әлем чемпионатының элиталық дивизионында өнер көрсету тәжірибесі бар. Никитин қазір нәтижелілік тұрғысынан мансабындағы ең үздік маусымын өткізіп жатыр. Ол 18 кездесуде 4 гол соғып, 14 нәтижелі пас берді. Бұл – қазіргі уақытта командадағы екінші үздік көрсеткіш. Ал 19 жастағы Макаров пен Түсіпбеков үшін бұл ересектер ұлттық құрамасы деңгейіндегі алғашқы маңызды сынақ болмақ.

#9 Никита Мерзликин, #12 Александр Мигунов, #14 Артур Гросс, #16 Абай Маңғысбаев – шабуылшылар

«Номад» шабуыл шебіне де бірқатар жас хоккейшісін жіберді. 21 жастағы Мерзликин, Мигунов және Гросс команданың ойынына қарқын қосып, қарсыласқа қысымды күшейтіп, жекпе-жектерде басымдық танытуға тиіс. Үшеуі де биылғы маусымда жинаған ұпайлары бойынша айтарлықтай ілгерілеу көрсетіп келеді. Сонымен қатар бұл хоккейшілер мұз айдынының шабуыл және қорғаныс аймақтарында да пайдалы бола алады.

24 жастағы Абай Маңғысбаев тәжірибесі молырақ ойыншы саналады. Ол да бұған дейін элиталық дивизионда өнер көрсеткен. Дене бітімі ірі шабуылшы қарсылас қақпасының алдындағы күресте командаға қосымша күш бере алады. Сондай-ақ Абай шайбаны ойынға қосу кезінде де жақсы нәтиже көрсетеді.


Қазақстан жастар құрамасының қорытынды құрамына қорғаушы Даниил Медведев пен шабуылшы Александр Симахин енді. Екеуі де ересектер деңгейіндегі алғашқы толыққанды маусымын өткізіп жатыр. Осындай деңгейдегі халықаралық турнирге қатысу оларға қосымша тәжірибе жинақтауға және маусымның басты додасы – бірінші дивизиондағы жастар арасындағы әлем чемпионаты қарсаңында өз мүмкіндіктерін сынауға жол ашады.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.