Pro Ligasy-ндағы екінші ойын айының қорытындысын шығарамыз.
Үздік ойыншылар ресми статистикалық деректер негізінде, әр амплуадағы хоккейшілердің ойын ерекшеліктері ескеріле отырып анықталды. Мәселен, біздің рейтингте қақпашылар жеңістерінің саны мен пайызы, сондай-ақ сенімділік коэффициенті және тойтарылған соққылардың пайызы сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады. Қорғаушылар мен шабуылшылардың рейтингі олардың нәтижелілігі, пайдалылық көрсеткіші және айып минуттары негізінде жасалады. Командалық нәтижелер де назарға алынады. Кейбір көрсеткіштер тең болған жағдайда турнирлік кестеде жоғары тұрған немесе өткен айда жақсы нәтиже көрсеткен команданың ойыншысына басымдық беріледі.
Үздік қақпашы – Антон Осокин («Торпедо»)
«Торпедоның» өткен айдағы табысына елеулі үлес қосқан ойыншылардың бірі – Антон Осокин. Қазан айында қақпашы негізгі құрамда бастаған сегіз матчтың барлығында жеңіске жетіп, небәрі 6 шайба жіберіп алды (сенімділік коэффициенті – 0,75). Осокин төрт кездесуде қақпасын голдан аман сақтады. Қайтарылған соққылардың үлесі 96,51%-ды құрады. Сондай-ақ Антон кездесулердің бірінде нәтижелі пас берді.
Үздік қорғаушы – Эдуард Михайлов («Сарыарқа»)
Қарағандылықтардың қорғаныс шебіндегі көшбасшысы өткен айда әр ойында орта есеппен бір ұпайдан артық жинады. Қазан айында Михайлов негізінен шабуылдарды ұйымдастыруға басымдық беріп, серіктестеріне 15 нәтижелі пас берді және бір шайба соқты. Оның пайдалылық көрсеткіші +9 болды. Сонымен қатар Эдуард 14 ойында небәрі 4 минут айып уақытын алды.
Үздік шабуылшы – Степан Санников («Арлан»)
«Арланның» көшбасшысы өткен айда керемет ойын көрсетіп, өз еншісіне 30 (!) ұпай жазды. Санников 14 кездесуде 15 шайба соғып, 15 нәтижелі пас берді. Осы матчтардың тек біреуінде ғана Степан нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады. Өткен айда ол үш рет хет-трик жасап, соққан шайбаларының жетеуі көкшетаулықтарға жеңіс әкелді. Ойыншының пайдалылық көрсеткіші +24, ал соққыларды жүзеге асыру пайызы 31,91%-ды құрады.
Үздік жас ойыншы (20 жасқа дейін) – Артур Глухих («Торпедо»)
Артур Глухих екінші ай қатарынан лиганың үздік жас ойыншысы атанды. Ол 12 кездесуде 11 (7+4) ұпай жинап, +13 пайдалылық көрсеткішіне қол жеткізді. Қазан айында шабуылшы екі рет хет-трик жасады. Сонымен қатар оның қақпаға бағыттаған соққыларының 33,33%-ы голға айналды.
Қыркүйек айының үздік ойыншылары
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Torpedo
Nomad
Arlan
Saryarqa
Qulager