19-20 қазандағы матчтардың аңдатпасы

19 qazan
1079

19 және 20 қазанда бес қалада хоккейден 2020/21 жылғы Қазақстан чемпионатының алғашқы жарыстары өтеді.

Бірінші турда-ақ хоккейсүйер қауым бірнеше қызықты тартысты тамашалай алады. Жанкүйерлердің көпшілігінің назары соңғы екі аяқталған маусымда ел чемпиондары атанған «Арлан» мен «Бейбарыс» тартысатын Көкшетаудағы матчтарға ауатыны сөзсіз.

Павлодарда «Ертіс» пен «Алматы» кездеседі. Командалар өткен тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша екінші және үшінші орынды иеленіп, медальдан үміттенген болатын.

Елордалық «Номад» араға бір жыл салып, Қазақстан чемпионатына оралды. Бірінші турда «көшпенділер» өз алаңында «Алтай Торпедоны» қарсы алады. Бұл командалардың соңғы матчтары өскемендіктердің 2018/19 жылғы маусымның плей-оффынан ұшып кетуімен аяқталған.

«Құлагер» өз айдынында «Ақтөбені» қабылдайды. Өткен чемпионатта петропавлдықтар ақтөбеліктерден алты жарыстың бесеуінде басым түсті.

Ішкі чемпионатқа оралған «Торпедо» өз алаңында PRO HOKEI LIGASY-ның ең жас командасы – нұр-сұлтандық «Снежные Барсы» ұжымын сынға алады. Елордалық команданың көптеген ойыншыларының ересектер деңгейінде ойнау тәжірибесі жоқ. Алайда Александр Истоминнің шәкірттері азулы қарсыласқа соққы беруге тырысып-бағады.

Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ
Бас демеуші – Parimatch компаниясы