Командалардың Pro Hokei Ligasy-ның кезекті маусымдағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Номад» туралы болмақ.
Нәтижелер
«Көшпенділер» маусымды бас бапкерлік қызметтегі дебютант Константин Пушкарёвтің жетекшілігімен бастады. Қысқа уақыт ішінде ол тиімді звенолар қалыптастырып қана қоймай, әрбір хоккейшімен ортақ тіл таба білді. Сондықтан чемпионаттың алғашқы турларынан бастап «Номадтың» көктемде ең жоғары орындар үшін күресетіні анық байқалды. Тек ширек финалда «Алматымен» өткен серияда қиындықтар туындауға шақ қалды. Алайда одан кейін «Номад» өз күшін көрсетіп, қосалқы құрамының мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, белсенді әрі нәтижелі ойын өрнегін көрсетті.

Маңызды оқиғалар
Елордалық ұжымның чемпион атануына үлес қосқан басты тұлғалардың бірі – Роман Старченко. Қазақстан хоккейінің аңызы маусымның басым бөлігін «Номад» сапында өткізіп, команданың табысына зор үлес қосты. Әсіресе финалдық серияның алғашқы матчындағы үшінші овертаймда соққан жеңіс шайбасы ерекше есте қалды. Сонымен қатар тәжірибелі хоккейші жас буынның қалыптасуына да үлкен ықпал етті.

Көшбасшылар
Роман Старченкодан бөлек, Артур Ғатиятов (19+50) жоғары деңгейде маусым өткізді. Ол команданың үздік сұрмергені атанып, кейін әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасады. Сондай-ақ Диас Гусейнов (18+48) те нәтижелі ойынымен көзге түсті. Саян Данияр 30 шайба соғып қана қоймай, қажет кезде командаластарын қорғауға да дайын екенін көрсетті. Ал Роман Калмыков маусымның үздік қақпашысы атанды.
Цитата
– Бас бапкер ретіндегі алғашқы маусымымда мен үшін ең үлкен жаңалық командалық рух болды. Киім ауыстыратын бөлмедегі, мұз айдынындағы және жалпы жұмыс барысындағы атмосфера өте маңызды рөл атқарады, – деді «Номадтың» бас бапкері Константин Пушкарёв. – Біз құрамда жастар көп болғандықтан жылдам хоккейге басымдық бердік. Сонымен бірге командада мұз айдынында ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де үлгі көрсете білген көшбасшылар болды. Соның арқасында тәжірибе мен жастықтың үйлесімді тепе-теңдігін қалыптастырдық.

Қорытынды
«Номад» өз тарихында үшінші рет Қазақстан чемпионатының алтын медальдарын жеңіп алды. Сонымен қатар ұлттық құрама үшін де көптеген ойыншыларды тәрбиелеп шығарды. Дегенмен алдағы жаз клуб басшылығы үшін оңай болмайын деп тұр. Қазіргі құрамды толық сақтап қалу қиынға соғуы мүмкін, өйткені көптеген хоккейшілерге басқа командалар қызығушылық танытып отыр. Алайда «көшпенділердің» сенімді резерві бар екенін ұмытпаған жөн. Олар – «Снежные Барсы» мен жастар арасындағы чемпион атанған «Барыс» командасы.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager