Командалардың Pro Hokei Ligasy-ның кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Сарыарқа» туралы болмақ.
Нәтиже
Қарағандылықтар чемпионаттың алғашқы күндерінен-ақ ең жоғары орындар үшін күресуге ниетті екенін көрсетті. Алғашқы айда «Сарыарқа» тек «Номадтан» ғана жеңіліп, қалған 10 кездесуде жеңіске жетті. Оның ішінде елдің қазіргі чемпионы «Арлан» мен өткен маусымның финалисі «Торпедоны» да тізе бүктірді. Тұрақты чемпионаттың соңына қарай Владимир Князев шәкірттері қарқынын сәл бәсеңдетіп, плей-офф кезеңіне үшінші орынмен жолдама алды. Бұл жағдай «сары-қараларға» плей-оффтың алғашқы екі кезеңінен сенімді өтуге кедергі болған жоқ. Алайда финалда «Сарыарқа» ойыншыларының күші жетпей қалды.

Оқиғалар
«Бүркіттердің» қатысуымен өткен екі овертайм жанкүйерлердің жадында ұзақ сақталары анық. Жартылай финалдың бесінші әрі шешуші матчында «Сарыарқа» «Торпедоны» овертаймның небәрі 6-секундында соғылған шайбаның арқасында жеңді. Бұл шешуші голдың авторы Евгений Королинский болды.
Ал финалдық серияның алғашқы кездесуі, керісінше, өзінің ұзақтығымен есте қалды. «Номад» пен «Сарыарқа» мұз айдынында шамамен 103 минут өнер көрсетіп, бұл тартыста елордалық ұжым басым түсті. Оның үстіне матч барысында «сары-қаралар» 3:1 және 4:2 есебімен алда болған еді.
7 сәуір күні «Сарыарқа» жанкүйерлер саны бойынша рекорд орнатып, трибуналарға 5 800 көрермен жинады.

Көшбасшылар
Артём Лихотников (25+57) пен Александр Борисевич (27+49) екеуі бірігіп маусым барысында керемет көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы 158 ұпай жинады. Олар өз еңбектерінің арқасында маусымның үздік шабуылшысы және үздік ойыншысы атақтарына лайық деп танылды.Команданың үздік мергені Данила Карабань болды. Ол маусымды 42 шайбамен аяқтап, орта есеппен әр матчта 0,74 голдан соқты.Сондай-ақ лиганың үздік қорғаушысы атанған Эдуард Михайловтың сенімді ойынын да ерекше атап өткен жөн.
Цитата
– Жақсы чемпионат өткіздік деп ойлаймын, жігіттер өте жақсы өнер көрсетті, – деді «Сарыарқаның» бас бапкері Владимир Князев. – Финалдық серияға қатысты ешқандай наразылығым жоқ. Әрине, кейбір қателіктер болды, оған қоса құрамымыздың мүмкіндігі шектеулі еді. Финалда ойыншылардың бойында бұрынғы сергектік қалмады. Бұл, әрине, нәтижеге әсер етті. Бірақ жігіттерге тек «рақмет» айта аламын! Мен оларды мақтан тұтамын.

Қорытынды
Төрт жылдан кейін Қарағанды командасы қайтадан Pro Ligasy финалына жолдама алып, қалыптасқан жағдайдан барынша жоғары нәтиже шығара білді. Соның нәтижесінде ұжым күміс жүлдеге ие болды.Команданың негізгі көшбасшылары қазір спорттық бабының ең жоғары кезеңінде тұр. Сондықтан үлкен ықтималдықпен «Сарыарқа» келесі маусымда да алтын жүлде үшін күресетін басты үміткерлердің бірі болады.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager