Маусым қорытындысы. Құлагер

3 maýsym
288

«Pro Hokei Ligasy» кезекті маусымындағы командалардың өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Құлагер» туралы болмақ.

Нәтиже

Петропавлдықтар кубоктік сегіздіктен тыс өткізген екі жылдан кейін алға қарай сапалы қадам жасады. Тұрақты чемпионатта «Құлагер» 54 ойынның 34-інде жеңіске жетті. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде солтүстікқазақстандықтар маусымның бірінші бөлігін өздерінен бір саты жоғары аяқтаған географиялық көршілері – Арлан командасын жарыс жолынан шығарды. Алайда бұл жолы команданың 2019 жылғы жетістігін, яғни ел чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізуін қайталау мүмкін болмады. Үшінші орын үшін өткен серияда Торпедо командасына қарсы ойындар «Құлагер» ойыншылары мен бас бапкер Андрей Спиридонов жетекшілік ететін ұжым үшін сәтсіз өрбіді.

Оқиғалар

Чемпионат басталар алдында «Құлагер» Қазақстан Кубогі додасында сәтті өнер көрсетіп, беделді турнирдің жартылай финалына дейін жетті. Айта кетерлігі, финалға шығу жолындағы тартысты кездесуде петропавлдықтар Сарыарқа командасына небәрі бір шайба айырмасымен есе жіберді.

2026 жылдың ақпан айында Артём Бурделёв Қазақстан чемпионаттарының үздік бомбардирі ретінде жаңа рекорд орнатты. Ол осыған дейін қазіргі бапкері Андрей Спиридонов иеленген көрсеткіштен асып түсті. Қазіргі таңда Бурделёвтің еншісінде плей-офф ойындарын қоса есептегенде 468 (181+287) ұпай бар.

«Құлагер» мен «Номад» арасындағы жартылай финалдық серияның төртінші кездесуі 93 минут 46 секундқа созылып, маусымдағы ең ұзақ ойындардың ішінде екінші орынға тұрақтады. Бұл матчта Солтүстік Қазақстан ұжымы жеңіске жеткенімен, кейін белгілі болғандай, бұл жеңіс петропавлдықтардың плей-офф кезеңіндегі соңғы жеңісі болып қалды.

Көшбасшылар

Евгений Попитич алғаш рет өз мансабында Pro Ligasy тұрақты чемпионатында гроссмейстерлік 50 (19+31) ұпай межесіне жетті. Сонымен қатар ол плей-офф кезеңінде команданың ең үздік бомбардирі әрі мергені атанды (8+3). Әріптесінің жетістігін Дмитрий Исмагилов (маусым бойынша жалпы 54 ұпай) және Александр Воробьёв (51 ұпай) жалғастырды.

Цитата

- Осы бір ғана маусымның өзінде біз өте жақсы команда қалыптастыра алдық. Кез келген қарсыласпен және жоғары орындар үшін күресе алатынын көрсеткен, бәсекеге қабілетті ұжым болды, – деп пікір білдірді «Құлагердің» бас бапкері Андрей Спиридонов. – Хоккейшілердің 85-90 пайызы жаңадан келгеніне қарамастан, командадан тыс қалған бірде-бір ойыншы болған жоқ. Барлығы бар күш-жігерін салды, ең бастысы – бейжай қараған ешкім болмады.

Қорытынды

«Құлагер» лайықты маусым өткізді. Команда ұзақ уақыттан кейін алғаш рет чемпионатты үздік төрттіктің қатарында аяқтады. Алайда жүлделер үшін күресте бапкерлер штабына, ең алдымен, құрам тереңдігі жетіспеді, ал көптеген көшбасшы ойыншылар плей-офф кезеңінде жарақаттарына қарамастан алаңға шықты. Сондықтан петропавлдық клуб басшылығы осы жаздағы трансферлік нарықтағы жұмысын дәл осы бағытта күшейтуге назар аударады деп ойлауға негіз бар.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.