Бейбарыс Номадпен матч үшін техникалық жеңіліс алды

18 aqpan
557

Қазақстан хоккей федерациясының республикалық жарыстарды өткізу департаменті 2026 жылғы 21 қаңтарда Атырау қаласында өтуі тиіс болған «Бейбарыс» пен «Номад» командалары арасындағы №210 матчтың өтпей қалуына қатысты материалдарды қарап, төмендегіні хабарлайды.

«Атырау Жарық» ЖШС-ның ресми жауабына сәйкес, «Бейбарыс» ХК электрмен жабдықтауға байланысты матчтың белгіленген уақытта өтуіне кедергі келтіруі мүмкін шектеулер туралы уақтылы хабардар етілген. Алайда клуб ойынды ертерек уақытқа ауыстыру бойынша шара қолданбаған және Регламентте көрсетілген мерзімдерде матчтың өтпей қалу қаупі жөнінде Федерацияны хабардар етпеген.

Сонымен қатар «Атырау Жарық» ЖШС-нан түпкілікті ресми түсіндірме Қазақстан хоккей федерациясының қарауына 2026 жылғы 13 ақпанда түскенін, сондай-ақ тұрақты чемпионат күнтізбесінің тығыздығын және плей-офф кезеңінің жақын арада басталуын ескере отырып, аталған матчты өткізуге техникалық әрі логистикалық мүмкіндік жоқ екені анықталды.

Осыған байланысты «Бейбарыс» командасына 0:5 есебімен техникалық жеңіліс тіркелу жөнінде шешім қабылданды, қосымша қаржылық жауапкершілік жүктелмейді. Ал «Номад» командасына техникалық жеңіс беріліп, турнирлік кестеге екі ұпай қосылады.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.