«Номадтың» бас бапкері Георгий Верещагин клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында маусымды қорытындылады. Еске сала кетейік, тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша команда сегізінші орынды иеленді және әрі қарайғы төрт матчта плей-оффтың бірінші раундында «Арланға» есе жіберді.
– Өткен маусым «Номад» үшін қалай өтті деп бағалайсыз?
- Өткен маусым ерекше болды – бір командамен бастап, маусымды мүлдем басқа командамен аяқтадық. Көптеген жас ойыншыларға мүмкіндік бердік, мұны артықшылық деп атауға болады. Әрине, демалысқа дәл бұлай ерте шығу үйреншікті жайт емес, әдетте «Номад» сәуірдің соңына дейін ойнайтын. Алайда барына базар. Жастарды байқадық, енді келесі маусымға дайындаламыз.
– Биылғы маусымда «Номад» құрамында өзгерістер көп болды. Жаңарған командамен жұмыс жасау қаншалықты күрделі болды?
- Мәселе күрделілікте емес, жаттығу процесін толық ауыстыру қажет болды. Командаға ересектер деңгейінде тәжірибесі жоқ жас жігіттер келді. Сондықтан оларға бастапқыда жаңа талаптарға үйренісу оңай болмады. Алайда жалпы жақсы өтті. Әзірге әлдекімді айрықша атау ерте. Жігіттер ойын өткен сайын ілгеріледі, әсіресе, чемпионат соңында өсім бары байқалды. Бұл қуантады.
– Маусым аяқталғаннан кейін өз көңіл күйіңіз қалай?
- Бапкерлер штабы 100 пайыз еңбек етті деп санаймын. Алайда маусымнан кейін шаруа бітпеген күйдеміз, ақпанның соңында-ақ команда ойынсыз қалды. Әрине, қынжылтады, алайда болары болды. Әрі қарай дайындаламыз.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.