Хоккейден Қазақстан кубогінің екінші ойын күнінің матчтарындағы ең қызықты сәттерді еске түсірейік.
ҚР Кубогіндегі алғашқы және әзірге жалғыз хет-триктің авторы Евгений Степанов «Ақтөбемен» матчта қарсы қақпаға «Алматымен» ойындағыдан екі есе аз – 1 гол салды. Командаласы үшін Владислав Сайко тырысып, қарсыластың қақпашысын 7 рет мазалады.
Турнир басталғанша көпшілігі «А» тобының фавориті санаған «Бейбарысқа» Кубоктің финалдық бөлігіне шықпай қалу қаупі төніп тұр. Жағдайды түзету үшін Артём Аргоковтың ойыншыларында әлі үш матч бар.
«Хумо» «Ертістің» қақпасына 46 соққы бағыттады, алайда Вячеслав Нечвиенконың жігерлі ойыны павлодарлықтарға өткен жылғы чемпионат финалисімен текетіресте бір балды иемденуге мүмкіндік берді.
Антон Гловацкий бұл ойында жеңіс буллитінің авторы атанды, сонымен қатар өз командасының негізгі уақыттағы нәтижелі қос шабуылына қатысты.
«Торпедо» «Құлагермен» матчта финалдық ысқырыққа төрт жарым минут қалған кезде үш шайба үстемдігімен алда келе жатқанына қарамастан, жеңісті уыстан шығарып ала жаздады. Айтып өтетін жайт, бұл ойында бес голдың төртеуін командалар артық құраммен салды.
«Арлан» «Горнякқа» үш есе соққы боратты, алайда рудныйлықтар бұл кеште өздерінің қолайлы сәттерін ұтымдырақ пайдаланып, ойынды овертаймға айналдыра жаздады. «Көкшеліктердің» форварды Максим Павленко қарсы қақпаға 7 рет соққы жасады. Алайда бір де бір соққысы жетер жеріне жетпеді.
«Алматы» көпшілік күтпеген жерден «А» тобының көшін бастады. Андрей Спиридоновтың командасы жасарған «Номадпен» күштік тәсілді қолданып ойнады және бұл тактикасы нәтиже берді. Оңтүстікастаналық ұжым әзірге жүз пайыздық нәтижемен келе жатыр және Кубоктің финалдық бөлігіне шығуға барлық мүмкіндігі бар.
«Ақтөбелік» Евгений Попитич (2+2) өзінің аттасы – «Бейбарыстағы» Степановты турнирдің үздік бомбардирлері тізімінде нәтижелі балл саны бойынша қуып жетті. Тағы бес адам қазіргі сәтте үш ұпайдан иемденді.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.