2022/23 жылғы маусымдағы Parimatch-Pro Hokei Ligasy бірінші кезеңін қорытындылайық.
Тұрақты чемпионаттың сөзсіз жеңімпазы – елдің қазіргі чемпионы «Сарыарқа». Қарағандылықтар 44 матчтың 40-ында жеңіске жетті, бұл ретте Петерис Скудраның командасы мұздан бір рет қана шайбасыз кетті. «Сарыарқа» салынған шайба саны бойынша Лигадағы қарсыластарын шаң қаптырды (207). Салыстырар болсақ, нәтижелілігі бойынша чемпионатта екінші орындағы «Арлан» өз қоржынына небәрі 169 гол салды.
Қазақстан чемпионатына оралған «Хумо» плей-оффқа сенімді түрде шығып қана қоймай, тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді. Өзбекстандық ұжым 33 жеңіске жетіп, қорғаныстағы ең мығым ойынды көрсетті. Евгений Попихиннің ойыншылары небәрі 71 шайба өткізді.
Үздіктер үштігін соңғы турда шешуші балды жинап, үшінші орыннан «Номадты» ысырған «Бейбарыс» тұйықтады. Атыраулықтар 28 жеңіске жетті. Артём Аргоков командасының өткізген шайбалар саны көзге түседі (129). «Бейбарыс» ұдайы тиімді хоккей ойнайтын, ал оның ойыншылары қорғаныста айтарлықтай сенімді қимылдайтын. Алайда биылғы маусымда атыраулықтар осы көрсеткіш бойынша жетінші орынды ғана иеленді.
Кубоктік сегіздікке «Горняктың» енгенін ерекше атап өткен жөн. Рудныйлықтар бес жылда алғаш рет плей-оффқа өтіп, енді медаль үшін тартысуға мүмкіндік алды. Команданың қоржынында 21 жеңіс бар. Бұл ретте Сергей Невструевтің ұжымы 132 шайба өткізді. Бұл – ширекфинал қатысушылары арасындағы ең нашар көрсеткіш.
Маусым «Торпедо» үшін ауыр болды. Чемпионат басталардың алдында қазақстандық хоккей алыптарының бірі плей-оффқа шыға алмай қалады деп ешкімнің үш ұйықтаса, түсіне кірмеген болар. Алайда шындық осы, өскемендіктер тұрақты чемпионатты турнир кестесінің ең соңғысынан бір орын жоғары аяқтап, нәтижелілік бойынша 11-орын алды (87 шайба салды).
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.