Ай ойыншылары

3 qańtar
1370

Хоккейден Қазақстан чемпионатының төртінші айын қорытындылаймыз.

Үздік қақпашы – Роман Смирягин («Хумо»)

«Хумо» ең биік орындар үшін тартысты жалғастыруда және осы жетістікке себепкерлердің бірі – Смирягин. Желтоқсан айында Роман бес матчтың төртеуінде жеңіске жетіп, олардың бірінде мүлдем шайба өткізбеді. Орта есеппен голкипер әр ойында 1,54 шайба өткізіп, соққылардың 94,17%-ына тойтарыс берді. Қақпашы іс жүзінде төрт түрлі команданы: «Арланды», «Горнякты», «Құлагер» мен «Ертісті» жеңді.

Үздік қорғаушы – Александр Пелевин («Номад»)

«Номад» желтоқсан айының басты жаңалықтарының бірі болды және бұл нәтижеге Пелевин елеулі үлес қосты. «Көшпенділердің» капитаны өзінің қорғаныстағы үздік қасиетін көрсетіп қана қоймай, +12 пайдалылық көрсеткішімен 10 матчта 12 (2+10) балл жинады. Александр шайбаларының бірін артық құраммен салды. Қорғаушы кездесулердің бірінде 4 нәтижелі пас бергенін де айтып өту керек. Желтоқсанды екпіндетіп өткізген Пелевин Parimatch-Pro Hokei Ligasy-ның қорғаныстағы ең нәтижелі ойынщылары тізімінде көш бастады.

Үздік шабуылшы – Кирилл Казаков («Номад»)

Өткен ай «Номадтың» тағы бір өкілі үшін де олжалы болды. Казаков желтоқсанды «әр ойыннан екі балл» деген ережемен өткізді. Кириллдің есебінде 9 кездесу бойынша 18 (12+6) ұпай бар, пайдалылық көрсеткіші +14 құрады. Форвард хет-трик, үш дубль жасап көзге түсті, ай ішінде бір рет қана мұздан нәтижелі іс-қимылсыз кетті. Дәл қазір Казаков Лиганың екінші бомбардирі атанып отыр. Антон Злобиннен бір ғана балл артта келе жатыр.

Үздік жас ойыншы – Илья Шапоров («Снежные Барсы»)

Лиганың ең жас ұжымы Қазақстан жастар құрамасының бірінші дивизиондағы әлем чемпионатына қатысуына байланысты желтоқсан айында тек төрт матч өткізді және осы ойындар барысында Шапоров төрт пас беріп үлгерді. Сондай-ақ, «Снежные Барсы» шабуылшысы қарсыластардың бес соққысын тоқтатты.

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.