ҚХФ атқарушы директоры Андрей Сачук төрешілер жиындарын қорытындылап, жаңа маусымда күшіне енетін кейбір жаңашылдықтар туралы айтып берді.
- Жиындар айтарлықтай жемісті өтті. Біз барлық жоспарларымызды іске асырдық. Биыл төрешілерде мұз айдынындағы дайындыққа байланысты түйткілдер болды. Алдымен сарайлар жабық болды, кейін онда айналысуға тыйым салынды. Иә, әлдекім жолдастық матчтарда жұмыс жасап үлгерді және біршама қалыптарына келді. Алайда жігіттердің көпшілігі, әсіресе жаңадан келгендер жақсы қалыпта келген жоқ. Сондықтан жиындар өткен үш күн бойы төрешілер көбінесе мұз айдынындағы дайындықпен айналысты. Әрине, бұл дайындық жеткіліксіз, алайда көпшілігі нормативтерді тапсыру кезінде тәуір нәтижелер көрсетті. Қазір біз қорытындылап жатырмыз, алайда қазірдің өзінде жас төрешілердің кейбірі ересек құрамалар чемпионатының матчтарында жұмыс жасайтыны анық. Жалпы алғанда, әрбір төреші жиындар нәтижесі бойынша іштей қорытынды жасап, нені қолға алу керектігін түсінуі тиіс.
- Андрей Викторович, биыл ҚХФ алғаш рет тестілеудің электронды жүйесін енгізді. Осы бір жаңашылдық туралы аз-кем айтып берсеңіз.
- Біз теориялық білім бойынша бірнеше тестілер мен видео тестілер өткіздік. Тестілер бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан басты төрешілердің түрлі даулы жағдайларда қалай әрекет ету керектігін жақсырақ білетінін көрсетті. Жастарға қиындау соқты, алайда біз дәл теорияға көбірек көңіл бөлу деген міндет жүктедік. Физика физикамен, алайда кез келген, тіпті жаңадан бастаған судья қағидалар мен теорияны білуі тиіс. Жақсы желілік судья өз міндеттерін атқарып қана қоймай, оның әрбір ойын өрнегі бойынша өзіндік көзқарасы болуы керек. Және қажет болғанда бас төрешіге өз пікірін білдіруі қажет.
- Арбитрлардың маусымға дайындығына қанда й баға бересіз?
- Төрешілердің басым бөлігі дайын. Алайда біз қазір ойындар бойынша қарайтын боламыз. Жиындардың жөні бөлек, бірақ төрешілер жұмысының басты көрсеткіші – төрешінің матчты қалай өткізетіндігі, ол қателіктер жібереді ме, олар матчтың нәтижесіне әсер етті ме, жоқ па және т. б. Әрине, қателіксіз болмайды, оларға да дайын болу қажет. Қандай да бір түйткілдер болған жағдайда, біз оларды жедел түрде қарап, төрешілерге де, командаларға да өз шешімдерімізді жеткізіп отырамыз.
- 10 бас төреші жиыннан өтті. Ал маусым күнтізбесінде 6 матчтан өтетін күндер бар.
- Иә, біз маусым матчтарының 60-70%-ында екі бас судьядан шығаруды жоспарлап отырмыз. Көптеген лигалар қос төрешілікке өткені түсінікті және бұл дұрыс. Хоккей бір орында тұрмайды, ұдайы дамуда, жылдамдық та артуда. Және бір төрешіге кейде қиын болып жатады, кей сәттерде үлгермей қалады. Алайда біз бүгінгі таңда 100% қос төрешілікке өте алмай отырмыз. Кездесулердің көпшілігіне барынша екі арбитрдан қоюға тырысамыз. Біз ЖХЛ-дан төрешілер шақыруды қарастырғанбыз. Алайда елдегі жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Өзіміздің жас төрешілерімізді өсіріп, желілік төрешілерді біртіндеп бас төрешілер қатарына қосып отырамыз.
Сондай-ақ біз қатарынан алты матчқа дейін қарауға мүмкіндік туатын бөлме жасағымыз келеді. Сондықтан ойында инспектор болмағанның өзінде біз төрешілердің іс-қимылдарын қадағалап, ізінше жағдаятты талдап, төрешілерге түсіндіріп отыра аламыз.
- Ағымдағы эпидемиологиялық жағдай төрешілердің жұмысы мен жалпы командаларға қалай ықпал ете алады?
- Төрешілерге де, барлығы секілді өз денсаулығы мен физикалық қалпына көбірек көңіл бөлу қажет. Жиындар алдында олар ПТР-тесттер тапсырып, ауқымды медициналық тексеруден өтті. Қазір біз Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жолдап, командалар мен төрешілерді міндетті түрде ПТР-тестілеуден өткізу бойынша өз ұсынымдарымызды білдірдік. Осы мәселе бойынша жауап күтіп отырмыз.
- Осы маусымда ерлер командалары арасында чемпионатты өткізу форматы өзгерді.
- Иә, қатысушы-командалар санының артуына және кеш басталуына байланысты чемпионатты екі кезеңге бөліп өткізу туралы шешім қабылданды: тұрақты чемпионатта команда әрбірімен сыртта және өз алаңында екі ойыннан ойнайды және плей-офф. Сондай-ақ, бізде ахуал нашарлап жатса, форс-мажор кезінде форматты өзгерту нұсқалары бар.
- Бірден үш клуб алдағы чемпионатқа қос командадан қатыстырғалы отыр.
- Жақында төрт қазақстандық команданың биылғы маусымда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлығына және шекарадан өтудегі қиындықтарға байланысты ресейлік чемпионаттарға қатыса алмайтыны белгілі болды. Алайда олардың бюджеттері жасалып, ойыншылармен келісімшарттарға қол қойылып қойған. Сол себепті алдағы маусымды олар Қазақстан чемпионатында өткізеді деген шешім қабылданды. Меніңше, бұл ұлттық біріншілік үшін оң әсерін тигізеді. Команда көбейгендіктен бәсеке де артады, қызықты қақтығыстар көп болады. Командалардың бір қаладан болғанында тұрған ештеңе жоқ. Олар екі бөлек команда болады. Мысалы, «Сарыарқа» өз өтінімінде «Теміртау» ойыншыларын қоса алмайды. Иә, олардың қаншауы ауысам десе де, өте алады. Тек бір командадан шығу мен екіншісіне өтудің толық регламенттелген рәсімінен өтеді.