Ильгиз Нуриев: «Өзімді де, жанкүйерлерді де алдағым келмейді»

29 shilde
2382

Соңғы жылдары «Құлагердің» негізгі ойыншыларының сапындағы Ильгиз Нуриев ойыншы ретіндегі мансабын аяқтауға бел буыпты. ҚХФ баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатында петропавлдық ұжымның теңдессіз капитаны өзінің спорттық өміріндегі қызықты сәттерін еске алып, болашаққа жоспарларымен бөлісті.

- Ойыншы ретіндегі мансапты аяқтау туралы шешімге қай уақытта келдің?

- Маған мұны түсініп, аяқтау керектігін ұғыну үшін осы тұтас өткен маусым керек болды. Шынымды айтсам, өткен маусымнан кейін-ақ мен «Құлагерден» кетуіме болар еді, алайда келісімшарт бойынша келіссөздер ұзаққа созылды. Егер қалмағанымда, мен басқа чемпионаттағы командаға өтер едім. Мен ойнағым келді, алайда «Құлагерге» қарсы ойнағым келмеді (күледі). Жұбайым Яна да осындай ойда болды. Ол «Ильгиз, әлі кетуге ерте, тағы бір жыл ойнай аласың» деді. Барлығын түсіну үшін де осы маусым қажет болды. Меніңше, әлі екі жылдай ойнай алар едім, алайда бұрынғы Ильгиз Нуриев жоқ. Уақыт өте келе аурулар көбейетіні, қалыпқа келу қиындай түсетіні, жаттығуда барыңды салу қиындайтыны бәріне белгілі. Жаттығуда бұрынғыдай «терлей» алмайтынымды байқағанда, мұның бір белгі екенін түсіндім. Демек, сен ойын кезінде де жақсы хоккей ойнай алмайсың. Өзімді де, жанкүйерлерді де алдағым келмейді.

- Соңғы матчтан кейін қандай ой болды?

- Соңғы ойын өте қиын болды, сондықтан бастапқыда ешбір ой болмады. Бар ойым тезірек киім ауыстыратын бөлмеге барып, отырып, суыну болды. Матчтан кейін менде сұхбат беріп, қандай да бір мәлімдеме жасау жоспарымда болған жоқ. Біршама уақыттан кейін менің матчқа қатысты пікір білдіруімді өтінді. Ол сұхбатты өздеріңіз де көрген боларсыздар.

- Ойынды аяқтау туралы шешіміңді отбасың қалай қабылдады?

- Отбасым мені әрдайым қолдайды. Сондықтар бәрі барлығын түсінді. Тек өкініштісі, мен оларды биылғы маусымда пандемияның салдарынан Петропавлға әкеле алмадым. Өздеріңіз білесіздер, «Құлагердің» көрермен қатысатын үйдегі ойындары қашан да қызықты өтеді. Отбасымның мұны кезекті рет сезіне алмағаны өкінішті. Оның үстіне, жанкүйерлерді де маусымның соңына қарай бір-ақ қатыстырды.

- Қазақстандағы мансап жолыңда біршама марапаттарды жеңіп алдың. Ең есте қалатыны қайсы?

- Әрбір марапат өзінше ыстық, себебі оған қол жеткізерде тек хоккейшілер ғана емес, сондай-ақ басшылар, командамен бірге тыныстайтын тұтас персонал күш салады. Мен үшін ең басты екі марапат – ол балаларым. Мен «Қазақмыста» ойнап жүргенімде, қызым Арина дүниеге келді, мен «Құлагерде» ойнап жүргенімде, ұлым Тимур дүниеге келді. Ал спорт жағына келсек… Мен көбіне жеңілістерді ерекше бағалайтынмын. Көпшілік түсінбеуі мүмкін. Сен іштей тек жеңіске бет алып, сынға төтеп беріп, үлкен қысымға қарамастан ойнап, дегенмен есе жіберген кезіңде – бұл мен үшін қосымша стимул болатын. Демек, бұрынғыдан да көбірек күш салу керек. «Сарыарқамен» Қазақстан кубогының финалында «Арыстаннан» жеңілгеніміз есімде. Екі жеңімпаз болмайтыны түсінікті. Қарсыластарың қуанып жатқанда, сен тым-тырыс киім ауыстыратын бөлмеге барып, ұйғарымдар жасайсың. Өз басым мен мұны сын ретінде қабылдап, жеке дайындықта әлдене өзгертіп, алдағы уақытта ондай қателіктер жібермеу үшін дамуға тырысатынмын.

- Жапониядағы Азия ойындарында құрама үшін ойнағанда қандай сезімде болдың?

- Әрбір ойыншы үшін құрамаға шақырту алу – тұтас оқиға. Меніңше, бұл сенің қаншалықты еңбектеніп жүргеніңді көрсететін өміріңнің бір парасы. Егер саған назар түссе, демек сен өз клубыңда да жақсы ойын көрсетіп жүрсің. Дәл сол жылы Максим Волков екеуімізді құрамаға шақырды. Алған үлкен әсерім – Виталий Колесниковтің ойынын бақылау болды. Ол «Барыстағы» соңғы маусымы, тіпті құрамаға соңғы рет шақырту алғанын білген болар. Алайда оның еңбекқорлығы жастарға керемет үлгі болды, мен қатты таңғалдым. Оның жұмысына қарап, команда бір сәтке де босаңсуға жол бермеді. Барлығы әрбір ойынға шыққанда соққыны төпелетіп, финалдық ысқырық естілмейінше, тынбады. Осылайша, үш матчты жеңдік, тіпті басында турнирді де жеңгенімізді түсінбедік. Сонымен бірге Никита Михайлиспен ойнау ұнағанын айтып өткім келеді. Максим Волков және Никитамен бірге үштік болып ойнадық. Менен жақын уақытта Қазақстаннан кім мұхит асады десе, кіші Михайлис дер едім. Өте дарынды, қабілетті әрі еңбекқор жігіт, онымен ойнау өте жайлы болды. Жалпы алғанда, турнирдің өзінен және Жапонияда өткізген уақыттан үлкен ләззат алдым. Біздікінен түбегейлі ерекшеленетін басқа әлемді көрдік.

- Мансабыңдағы ең ерекше маусым қайсы?

- Әрбір маусым өзінше қызықты және әрбір кезеңді жаңа сын деп қабылдау керек. Мәселен, сен командаңның көшбасшысы болдың, алайда жаңа бапкер келіп, сені командаға лайық көрмейді. Бәрін нөлден бастап, дәлелдеу қажет. Мансап жолымның басында Түменде бізде Владимир Сафонов деген атақты бапкер болды. Бастапқыда тіл табыса алмадық. Барлық маусымалды жиындарда бесінші-алтыншы құрамда, тіпті кейде қорғаушы рөлінде болдым. Құрам анықталған кезде мен қорытынды тізімде болған жоқпын. Владимир Михайловичпен сөйлестік, мен тағы бір мүмкіндік сұрадым. Ол кісі қарсы болды. Нәтижесінде, маған бір мүмкіндік берілді. Бір-ақ айдан кейін мен бірінші құрамда болдым. Есімде. Ол кезде көп жыл ҚХЛ-да ойнаған Лёва Трифоновпен, Лёшка Багичевпен бірге ойнадық, қорғаныста ағайынды Шумаковтар болды. Мені сол маусымның қорытындысы бойынша тіпті «Нефтехимикке» шақырды. Маусымның басында командадан ұша жаздайсың, алайда маусымды жақсы өткізіп, тамаша хоккей ойынын көрсетесің. Мұндай да болады.

- Ең есте қалған шайба?

- Бір гол болған. Қателеспесем, 2013-2014 жылғы маусымда «Арыстан» құрамында «Номадқа» қарсы ойнадық. Аз құраммен ойнап жатырмыз, мен айып алаңындамын. Шығатын уақыт келді, борт ашылды, сол сәтте Роберт Крайчи шайба лақтырып, ол барлық алаңдардың үстінен ұшып, шабуыл аймағына түседі. Егер мен бір сәт ерте шыққанымда, ойыннан шығар едім. Құлай-мұлай оны алып, тез тұрып, қақпа алдына жетіп бардым. Ұмытпасам, сол кезде Дмитрий Мальгин болды. Нәтижесінде гол салдым.

- Соңғы алты жылды сен «Құлагердің» құрамында өткіздің. Клуб нөлден құрылды. Қалай ойлайсың, қазір команда қандай деңгейге шықты?

- Иә, клуб жаңа болды, алайда жағдай сәл басқаша болатын. 2015 жылы «Арыстан» жабылғаннан кейін команданың тұтас құрамы «Құлагерге» шақырту алды. Оның үстіне, Петропавлға бүкіл бапкерлер штабы, персонал, әкімшілік келді. Әдетте команда нөлден құрылған кезде бүкіл инфрақұрылымды жолға қоюға көп жыл кетеді. Мұнда бәрі жөнге түскен еді және команда бірінші маусымда-ақ медаль алды, кейін екі Қазақстан кубогын жеңді, әрі қарай тағы да жүлделі болды. Бұл Болат Қарабалин, Вячеслав Белан, Александр Шимин, Дмитрий Крамаренко құрған ұжымның нақ көрсеткіші болатын. Мен өз деңгейімде үлесімді қостым, түйткілдерді шешуге атсалыстым. Ол кезде Спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин болды. Ол көшуді бастама етіп көтергендердің бірі болды. Медиа кеңістікте де бәрі тамаша еді. Біз дәл сол алғашқы маусымды, бізде сол кезде ойнаған жігіттерді жиі еске аламыз. Содан бері біршама уақыт өтті. Жеке менің пікірім – соңғы екі жылда команда сәл баяулап қалды, жаңа леп керек. Басшылық мұны көріп отыр, сондықтан қазір жаңа кезеңге бірқалыпты өту жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Мұндай жағдайда «Құлагер» қайтадан жүлдері орындар үшін таласа алады. Оған қанша уақыт кететінін ешкім дөп басып айта алмайды.

- Қазақстан чемпионатының деңгейіне жалпы баға берсең.

- Бес-алты жыл бұрын чемпионат мықтырақ болды дей алам. Бірақ ол алыс шетелден лешионерлердің келуі есебінен болуы да мүмкін. Олардың кейбірінің тіпті ҰХЛ-да, мықты Еуропалық лигаларда ойнау тәжірибесі болды. Бір уақытта біздің командада Борис Валабик ойнады. Ол – ҰХЛ-дың мықты клубтары құрамында өнер көрсеткен адам. Жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық болды. Екінші жағынан, қазір көптеген клубтарда жас ойыншыларға көбірек сенім білдіре бастады және бұл қуантады. Хоккей өзгерді, беталыстар өзгерді, Қазақстан чемпионатының өзі де өзгерді. Биылғы маусым өзіндік бетбұрыс кезеңі болды деп санаймын. Барлығы ЖХЛ-дың өзінде жас жігіттер ойнайтынын және олар заманауи хоккейдің үлгісін көрсете алатынын көрді. Мұнда басқа сұрақ туындайды – лигамыздың барлық командалары білікті жас хоккейшілердің жеткілікті санын қайдан алмақ?

- Қазақстанда кіммен және кімге қарсы ойнадың? Белгілі бір ойыншылар құрамын атасаң.

- Ойыма бірден екі шабуылшы Максим Волков пен Анатолий Васильев келеді. Көптеген командаларда біз бірге ойнадық, әрдайым қоян-қолтық қимылдадық. Жалпы алсақ, орталық шабуылшы ретінде маған әрдайым Томаш Вактың ойыны ұнайтын. «Арланда» тамаша орталық ойыншы Вадим Бердников болды, оның ҚХЛ-да ойнау тәжірибесі мол. Макс Волков та өз деңгейінен түскен емес. Сондай-ақ Антон Дубинин сияқты дарынды хоккейшіні атап өткім келеді. Тың кезінде Антон теңдессіз хоккей көрсетіп жүрді. Ол жігіт мұз бетінде бәрін жасай алатын: керемет сырғанайды, қарсыласты орап өтеді, таңғажайып соққылар жасайды. Қорғаныс ойыншыларынан Дмитрий Кокаревті атап өткім келеді. Оған мұзда да, одан тыс та арқа сүйеуге болады. Жақсы соққы бере алатын мықты қорғаушы. Онымен жұптасып ойнаған Борис Валабикті айтар едім. Ал қақпашыларға келсек... Мен үшін әрдайым Алексей Ивановқа қарсы ойнау қиын болатын. Неге екенін білмедім.

- Болашаққа қандай жоспар бар?

- Қазір барынша отбасыммен көбірек уақыт өткізуге тырысам. Мамырдың соңында-маусымның басында Уфадағы университетке оқуға түсуге барам. Менің жоғары білімім бар, алайда енді кәсіби бапкер лицензиясын алғым келеді. Қайткенде де спортты тастамақ ойым жоқ. Бұл – менің өмірім.