Өткен аптада Нұр-Сұлтанда алғашқы хоккейден Parimatch Kazakhstan Hockey Open 2021 халықаралық турнирі өтті. Аталмыш турнирдің барлық матчтарында төрешілер ретінде ҚХФ төрешілер корпусының өкілдері қызмет етті.
Бас төрешілердің бірі Константин Чубенко ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен турнирден алған әсерімен бөлісіп, төрешілікте ең қиыны не екенін айтып берді.
- Константин, турнирде жұмыс жасайтыныңды қашан білдің? Жігіттер бұл жаңалықты қалай қабылдады?
- Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Қаңтар айының ортасында төрешілер корпусының басшысы қоңырау шалып, халықаралық құрамалар турнирінде жұмыс жасау мүмкіндігі туғанын айтты. Бұл жаңалықты жігіттер зор мақтанышпен қабылдады. Пандемия кезінде халықаралық турнирлер жоқтың қасы. Сол себепті Федерация басшылығына сенім білдіргені үшін алғыс айтамын.
- Ішкі турнирлерді қоспағанда, бұған дейінгі тәжірибең қандай?
- Төрт маусым қатарынан Халықаралық федерациядан шақырту алдым, Азия кубогында, Литвадағы 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатында, Болгариядағы 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында жұмыс жасадым. Өткен жылы Даниядағы Құрлықтық кубоктың жартылай финалына төрешілік еттім. Ал ересек құрамалар арасында Нұр-Сұлтандағы турнир мен үшін алғашқысы болды.
- Төрешілік қандай ережелер бойынша жүрді?
- IIHF қағидалары барлық жарыстар үшін бірдей, сондықтан аса бір өзгеріс болған жоқ. Жалғыз ерекшелік – коммерциялық үзілістерге арналған уақыт аралықтары. Алайда алаң сыртындағы төрешілер бригадасы тамаша жұмыс жасады.
- Турнирдің деңгейіне қандай баға бересің?
- Турнирдің деңгейі өте жақсы. Маусым қызған шақ, барлық ойыншылар өз бабында. Ресей мен Беларусь ең жақын резервтерін әкелді, олар өз ойынымен оларды бекер шақырмағанын дәлелдеуге тырысты. Олар халықаралық турнирлерде ел намысын қорғай алатындарын көрсетпекші болды. Біздің жігіттер де өздерін тамаша көрсетті. Әсіресе, Pro Ligasy клубтарының ойыншыларын, олардың бұл деңгейде қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін бақылау қызық болды.
- Матчтарда жұмыс жасау қиын болды ма?
- Әрине, мұз айдынына шыға салғанда қобалжу болды. Алайда бірінші кезеңнен кейін барлық ойыншылардың кәсіпқой екені, дөрекілікке жол берілмейтіні түсінікті болды. Бірінші айып жазылғаннан кейін бәрі өз орнына келді.
- Ең ауыр соққан матч қайсы?
- Турнирдің барлық матчтары тартысты болды, ешкім ұтылғысы келмеді. Алайда Қазақстан мен Ресейдің бірінші орын үшін ойнаған матчы бөлек болды. Жеңіс үшін барлығы жанын салды.
- Қалай ойлайсың, қазақстандық төрешілер ірі халықаралық жарыстарда жұмыс жасауға қаншалықты дайын? Нені жетілдіру керек?
- Меніңше, біздің корпуста халықаралық деңгейде жұмыс жасай алатын, қазақстандық төрешілер мектебі мақтан тұта алатын жігіттер аз емес. Жетілдіретін тұс: бәрімізге белгілі – ағылшын тілін білу. «Физика», психология, ережелерді білу мен талдау тұрғысынан жігіттер күннен күнге шыңдалып келеді. Бұл жағынан қиындық жоқ.
- Хоккей төрешісінің жұмысында ең қиыны не?
- Хоккей төрешісінің жұмысында ең қиыны – психологиялық ұстамдылық пен тіл табысу. Ұдайы өз-өзіңді дамытатын жолдар іздеу қажет. Тәжірибе уақыт өте келетін дүние, алайда өз-өзіңді ұдайы шыңдап отыруың керек.