Фёдор Полищук: «Жігіттерде мінез бар, жеңуге деген құлшыныс бар»

20 aqpan
1072

«Номадтың» бас бапкері Фёдор Полищук тұрақты чемпионатты қорытындылап, плей-оффқа дайындық туралы айтып берді.

«Номадтың» бас бапкері Фёдор Полищук тұрақты чемпионатты қорытындылап, плей-оффқа дайындық туралы айтып берді.

- Фёдор Васильевич, биылғы маусымда бапкерлер штабы тарапынан қандай жұмыс жүргізілді?

- Жігіттерді бірінші командаға дайындап жатқандықтан біз өз талаптарымыз бен тәртібімізді орнаттық. Әрбір ойыншының үйренуге, алға жылжуға деген ұмтылысы зор. Сондықтан біз қорғаныстағы тактикалық сәттерді ұштаумен айналыстық. Команданың өзгеріп келе жатқаны байқалады, кей жігіттер өсіп қалды, шеберлік тұрғысынан әрі қарай өскісі келеді. Бұл өте маңызды.

- Тұрақты чемпионаттың екінші жартысында звенолардың құрамы өзгермеді деуге болады. Бестіктерді қалай құрдыңыздар, бір звеноға командаластарды қандай талаптар бойынша үйлестірдіңіздер?

- Біз кімнің кіммен жақсырақ жұмыс жасайтынын, кіммен кім жақсы ойнайтынын байқауға тырыстық. Егер өзара байланыс орнаса, ойын жүріп тұрса, звеноны бөліп не керегі бар? Біз жігіттерге қалай жайлы, қалай жақсырақ ойнайтынын көріп-біліп отырамыз. Бір звенода өзара тіл табысатын кемінде бір жұп болса, қасына оларды толықтыратын ойыншыны қоюға тырысамыз. Әрине, команданы алға сүйрейтін көшбасшы звено болуы тиіс.

- «Номад» тұрақты маусымның қорытындысы бойынша үшінші орын алды. Бұл нәтижеге көңіліңіз тола ма?

- Әрине, нәтижеге көңіліміз толады. Тұрақты чемпионатты айтарлықтай тұрақты өткізіп, үздіктер үштігіне ендік. Жігіттердің кейбірі ойын барысында нюанстар бойынша жақсы төселді, осындай ұсақ-түйектен команданың нәтижесі қалыптасады.

- «Барыстан» ойыншыларды тарту жөнінде сұрасақ. Жанкүйерлер бірінші командадан ойыншыларды көре ала ма?

- Жанкүйерлер белгілі бір себептермен бірінші командаға жіберілген жігіттерді тамашалайды. Барлығы таныс есімдер. Маусым бойы «Номадта» ойнап, «Барыс» ойыншыларының жарақаттары салдарынан шығып қалған хоккейшілердің орнына шақырылған жігіттер ойнайды. «Барыс» плей-оффқа шықпайды және ақпанның соңынан бастап жігіттер хоккей ойнамай ма? Меніңше, бұл дұрыс емес. Бұл біздің әлем чемпионатына дайындалуы тиіс хоккейшілеріміз.

- Плей-оффқа дайындық жөнінде не айтасыз? «Номадтың» бабы қалай?

- Команданың дайындығы жақсы, қозғалыс, концентрация, ерік-жігер жігіттерде молынан бар. Алаңда барлығы көрінеді деп ойлаймын. Әрине, біз жақсылап дайындалып жатырмыз. Бастысы, жігіттерде мінез бар, жеңуге деген құлшыныс бар!


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.