Қазақстан Кубогі - 2016. Тарихы мен фактілері.

19 tamyz
1005

2016 жылғы ел кубогінің матчтарын Павлодар мен Көкшетау қабылдады. «А» тобын, сондай-ақ турнирдің шешуші матчтарын Павлодар қабылдады, параллель топтың матчтары Көкшетауда өтті.

Қатысушылар құрамы бұрынғыша. Бұл маусымдағы жалғыз өзгеріс – ШҚО-ның «Алтай-Торпедо» болып ауысуы.

«А» тобында соңғы күнге дейін тартыс тоқтамады. Финалға шығу үшін соңына дейін төрт клуб беріспей таласты. Алаң иелері «Ертіс» хоккейшілерінің асығы алшысынан түсті. «Қола» матчқа жолдама «Алматыға» бұйырды. 6 ұпайдан жинаған «Бейбарыс» пен «Номадқа» сәл-пәл жетпей қалды. «Алтай-Торпедоның» қоржынында 3 балл болды.

Көкшетаудағы оқиғалар да қызу өрбіді. Шағын топтағы біріншілікті бірінші турдан-ақ «Құлагер» уыстан шығармады. Төрт матчтың қорытындысы бойынша Вячеслав Беланның ойыншылары 11 ұпай жинап, финалдық матчқа жолдама алып қойды. Ал топтағы екінші орын үшін 8 балмен «Теміртау» мен «Арлан» таласты. Металлургтер қаласының командасы қосымша көрсеткіштер бойынша үшінші орын үшін ойналатын матчтың қатысушысы атанды. «Горняк» «В» бестігінде төртінші қатарға табан тіреп, «Астана» хоккейшілері 3 ұпаймен кестені тұйықтады.

Үшінші орын үшін матчта «Алматы» мен «Теміртау» кездесті. Бұл матчтың қос команда үшін де маңызы зор болды, себебі ел кубогінің «қоласы» екеуі үшін де елеулі жетістік болды.

Матч тартысты болып, соңына дейін итжығыс ойын болды. Бірінші кезеңде қарсыластар бірдей шайба алмасты. Алматылықтар құрамынан Ильнар Мисбахов, теміртаулықтардан Нериус Алишаускас көзге түсті. Екінші кезеңде көрермен бір ғана шайбаға куә болды, оның авторы – «алматылық» форвард Андрей Макров.

Үшінші кезеңде Илья Серегин есеп теңестірді. Алайда маңызды сәттер мұнымен бітпеді. Негізгі уақыттың соңғы минутында Андрей Макров «Алматыға» маңызды жеңңісті сыйлады.

Матчтан кейін оңтүстікастаналық клубтың тәлімгері Александр Трофимов өз қуанышын жасыра алмай, мұндай нәтиженің аса бағалы екенін айтты.

Дәл сол күннің кешінде Қазақстан кубогі тарихындағы ең көрнекті финал өтті.

Павлодарлық "Ертіс" өз алаңында петропавлдық «Құлагермен» кездесті.

Ойынның сегізінші минутында шайба салған (Денис Клемешов) павлодарлықтар үстемдікті сенімді түрде ұстап тұрғандай көрінді.

Алайда бұл матчтың тағдыры соңғы минутта шешілді. Дәлірек айтсақ, соңғы 24 секундта. «Ертіс» хоккейшілеріне шыдастық беріп, кубокті төбелеріне көтеру үшін дәл осынша уақыт қажет болды. Алайда «Құлагердің» бұл күнгі жоспары басқа еді. Петропавлдықтар бас бапкерінің туған күнінде клубтың қысқа тарихындағы алғашқы трофейді жеңіп алуды көздеді. «Құлагердің» алғашқы голы ойынның 59-шы минутының 36-шы секундында салынды. Голдың авторы – Анатолий Васильев.

Трибуна алғашқы өткізілген шайбадан ес жиып үлгерместен араға 22 секунд салып, Вадим Желобнюктың қақпасына Илья Ахметов шайба дарытты. Осылайша ол Петропавлға өз тарихындағы алғашқы трофейді сыйлады.

Аяқталған Қазақстан Кубогінің қорытындысы бойынша ҚХФ сарапшылық комиссиясы турнирдің үздік ойыншыларын анықтады.

Үздік қақпашы - Андрей Янков ("Құлагер")

Үздік қорғаушы - Нериус Алишаускас ("Теміртау" ХК)

Үздік шабуылшы - Ильнар Мисбахов ("Алматы" ХК)

Үздік жас ойыншы - Александр Борисевич ("Теміртау" ХК)

Үздік бомбардир – 7 (5+2) ұпай жинаған «теміртаулық» Филипп Святына. 

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.