ҚХФ өкілдерінің клуб басшыларымен кеңесінің қорытындысы

27 aqpan
1352

Бүгін онлайн форматта ҚХФ өкілдерінің Pro Ligasy клубтары басшыларымен жиыны болып өтті.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – Pro Ligasy және Jas Ligasy матчтары кезінде көрерменнің трибунаға кіргізілуі болды. Естеріңізге сала кетейік, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуына және таралуына жол бермеу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында 2021 жылдың 1 наурызынан бастап, ареналарды 30%-ға дейін толтырып, спорттық іс-шараларды көрерменнің қатысуымен өткізуге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.

Енді әрбір клуб дене шынықтыру және спорт саласындағы өңірлік өкілетті органдармен, сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық қызметтермен бірге көрерменді кіргізу талаптарын келісуі тиіс.

Көрерменді трибунаға кіргізуге рұқсат берген жағдайда клубтар матчтарды қауіпсіз өткізу үшін ҚХФ-ның барлық ұсынымдарын, сондай-ақ санитариялық дәрігерлердің барлық қаулыларын орындауға міндетті болады. Спорт ғимараттарына кіреберістерде контактісіз термометрия жүргізіледі. Жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбайтын көрермендер арена ішіне кіргізілмейді.

Трибунаның толуын бақылау үшін әрбір клуб өзіндік билет тарату бағдарламасын әзірлеп, жанкүйерлерді әлеуметтік алшақтықты сақтай отырып, арнайы схема бойынша отырғызуы керек. Арена ішінде, әсіресе трибуналарға кіретін және шығатын орындарда және адамдар көптеп жиналатын жерлерде жанкүйерлердің қозғалысына ұдайы бақылау жүргізілуі тиіс.

Сонымен қатар, жанкүйерлерді ақпараттандыру бағдарламасы жүреді. Оған аренада жүріп-тұру қағидаларымен танысуға мүмкіндік берілетін аудио, видео материалдар, сонымен қатар ақпараттық стенділер мен плакаттар кіреді.