19 қазан көптен күткен хоккейден Қазақстан чемпионатының шымылдығы түріледі. Матчтар әзірге көрерменсіз өтеді. Жанкүйерлерге ыңғайлы болуы үшін Қазақстандық хоккей федерациясы осы маусымаралықта көрсетілімдер жүйесін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
PRO LIGASY кездесулері жаңа форматта көрерменге қолжетімді платформада көрсетіледі деп күтілуде. Чемпионаттың алғашқы апталарында графика мен статистика жаңарады, кейін камералар саны артады. Ары қарай әрбір көрсетілімде төрттен сегіз камераға дейін пайдаланылып, қайталаулары көрсетіледі.
- Форумдар, конференциялар сияқты жер бетіндегі барлық оффлайн іс-шаралардың түгелдей дерлік өткізілмеуі бұл саланы онлайнға өтуге мәжбүр етті. Телевизиялық жабдыққа деген сұраныс артты. Алайда жобаға өз ықпалдастығын танытып отырған Panasonic компаниясының өкілі Марлен Алмабаев айтқандай, біз тапсырыс берген хоккей трансляцияларын түсіруге арналған телевизиялық камералардың легі зауыттан шығарылып, Германия арқылы Қазақстанға жөнелтілді. Әзірге жапондық Panasonic компаниясы ТВ түсірілімдеріне өздерінің тестілік камераларын ұсынады, - деді жобаны жүзеге асырып отырған «QazBroadcast» компаниясының басшысы Илья Пустогачев.
ҚХФ мен «Қазспорт» телеарнасы арасында чемпионаттың ең қызықты матчтарының бірқатарын көрсету туралы келісімге қол жеткенін айтып өту қажет. Олар кәсіби жылжымалы телевизиялық станциялармен түсіріліп, заманауи спорттық телевизияның барлық талаптарына сай келеді. Телевизиялық сигналды жеткізу PRO LIGASY серіктесі – «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының жерүсті оптикалық желілері арқылы жүзеге асырылады.
Өңірлерде спорт комментаторларын іздеу және дайындау бойынша бөлек жұмыс жүргізілуде. Бірқатар онлайн семинарлар өткізіліп, олардан кейін белгілі бір ілгерілеу байқалды. Оқыту процесі тұтас маусым бойы жалғасады.
- Біз болашаққа сеніммен қараймыз, - деп сөзін түйіндеді Илья Пустогачев. – Бұл – ауқымды жоба және үлкен дайындық жұмысы жүргізілді. Алайда көптеген мәселелерді шешуге тағы да біршама уақыт қажет. Нәтижесінде деңгейі жоғары сапалы өнім алу үшін біз жанкүйерлердің барлық тілектері мен сын-пікірлеріне құлақ асамыз.