Андрей Сачук: «Біз үшін бастысы – хоккейшілер мен ойынның өтуіне атсалысатын барлық адамдардың денінің саулығы»

17 qazan
1996

Қазақстандық хоккей федерациясының атқарушы директоры Андрей Сачук маусымның басталуы алдындағы дайындық, күнтізбедегі өзгерістер мен жаңа сайттың іске қосылуы жөнінде айтып берді.

- Аптаның басында біз Ведомствоаралық комиссиядан чемпионатымызды өткізуге рұқсат алдық. Командалардың соңғы дайындықтарын жүргізіп, билет алып үлгеруі үшін чемпионат басталатын күнді белгіледік. Қазір біз клуб өкілдерімен ұдайы байланыстамыз, барлық туындайтын мәселелерді жедел түрде шешу үстіндеміз. Әрине, бірінші кезекте айтып өтетін жайт, чемпионаттың барлық матчтары көрерменсіз, санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң түрде сақтала отырып, өтеді. Біз клубтарға уақытша ұсынымдар жолдадық, онда әрбір жағдаятта қалай әрекет ету керектігі нақты жазылған. Біз үшін ең бастысы – хоккейшілер мен ойындардың өтуіне атсалысатын барлық адамдардың денінің саулығы.

- Чемпионаттың басталу уақыты бір айға кейінге шегерілді. Бұған байланысты күнтізбеде қандай өзгерістер болады?

- Бізге қысқа уақыт ішінде бүкіл күнтізбені толықтай қайта құруға тура келді. Сол себепті де өте тығыз болып шықты. Әзірге біз чемпионатты осыған дейін белгіленген мерзімде – 2021 жылдың сәуірінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алайда, біз клубтармен маусым ішінде форс-мажорлық жағдайлар туындаған және жарыстарды өткізу мерзімдері ұзартылған жағдайда ойыншылардың келісімшарттарын мамыр айының соңына дейін ұзарту мүмкіндігін талқыладық.

- Мұндай тығыз кестеден Қазақ кубогына уақыт табыла ма?

- Иә, біз Қазақстан кубогын өткізуден бас тартпаймыз. Бұрынғыша оны қаңтар айының соңында үш қалада өткізуді жоспарлап отырмыз. Турнирдің түбегейлі форматы кейінірек бекітіледі.

- Ақпарат тарату тұрғысында қандай да бір өзгерістер бола ма?

- Біз лигалардың ресми сайтын іске қостық. Ол толықтай автоматтандырылған және біздің дерекқорларымызбен байланысты болады. Сайт әзірге тестілік режимде шектеулі функционалмен жұмыс жасап тұр, алайда негізгі ақпарат онда бар. Жақын уақытта біз барлық қажетті функцияларды іске қосамыз. Ары қарай клубтардың ресурстары мен біздің сайтымызды біріктіретін сайттардың бірыңғай жүйесін жасаймыз. Клубтардың баспасөз қызметтерінің жұмысы едәуір жеңілдейді. Сайттардың барлық негізгі бөлімдері: турнир кестесі, статистика, бомбардирлер автоматты түрде жаңарып отырады. Сонымен қатар біз өз телеграм-арнамызды аштық. Соңғы уақытта аталмыш платформа ақпарат алуға айтарлықтай ыңғайлы болып жүр. Чемпионаттың барлық матчтарының көрсетілімі бір платформада және жақсы сапада өтеді деп күтілуде.

- Бұл маусымда басқа да жаңашылдықтар бола ма?

- Біз қатарынан сегіз матчқа дейін тамашалауға болатын төрешілердің ойын қарау бөлмесін жасадық. Сондықтан ойында инспектор болмағанның өзінде біз төрешілердің іс-қимылдарын қадағалап, ізінше жағдаятты талдап, төрешілерге түсіндіріп отыра аламыз.

- ҚХФ бастамасымен өткізілетін басқа чемпионаттар туралы қандай жаңалықтар бар?

- Қараша айының басында біз Қазақстанның JAS HOKEI LIGASY жастар чемпионатын бастауды жоспарлап отырмыз. Кейбір клубтар өтінім беруді бастап кетті, қазір бізге клубтармен осы бағыттағы шаруаларды жылдам пысықтап алу маңызды. Бұл маусымда біз турнир форматын өзгертпекшіміз. Оны ересектер чемпионатына ұқсас етіп өткіземіз. Әйелдер мен балалар чемпионаттарын өткізу әзірге басы ашық мәселе. Алайда оларды бастау бойынша жұмыс біздің тарапымыздан белсенді түрде жүргізілуде. Бұл мәселелер біздің ұдайы бақылауымызда.

Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ
Бас демеуші – Parimatch компаниясы