Республикалық жарыстарды өткізу бөлімі статистикалық көрсеткіштерге сүйене отырып, PRO HOKEI LIGASY хоккейден ағымдағы Қазақстан чемпионатының екінші айының үздік ойыншыларын атады. 1 және 30 қараша аралығындағы кездесулер есепке алынды.
Үздік қақпашы – Никита Бояркин ("Сарыарқа")
Биылғы маусымда қазақстандық қақпашының ойын тәжірибесі мол болып, өз командасына елеулі пайда әкелді. Қараша айында Никита сегіз кездесуге қатысып, олардың алтауында «Сарыарқа» жеңісті тойлады. 173 соққыға тойтарыс берген оның қанжығасында екі «құрғақ» матч бар. Өткен ойын кезеңінде Бояркин 16 шайба өткізді.
Үздік қорғаушы – Фёдор Хорошев ("Құлагер")
Қорғаныс шебіндегі ойыншының «Құлагердегі» бұл бірінші маусымы емес, бапкерлер штабы оны әрдайым ұтымды пайдаланып отырды. Қараша айында Хорошев алты ойыннан ұпай жинады. Осы кішкентай уақыт аралығында ол 9 (4+5) балл жинап үлгерді, бұл ретте оның пассивінде 2 айып минуты ғана бар. Ол салған шайбалардың бірі командаға жеңіс сыйлады.
Үздік шабуылшы – Вадим Бердников ("Арлан")
Тәжірибелі шабуылшы қараша айында жақсы екпін алды. Тоғыз ойында Бердников мұз айдынынан ұпайсыз кеткен емес. Оның қоржынына өткен айда 14 (4+10) балл түсті, қазіргі таңда ол лиганың ең нәтижелі ойыншыларының үштігіне кіріп отыр. Алайда дәл қазір оның «Арланы» кубокқа таласатын сегіздікке кірмей отырғанда, Вадимнің жеке көрсеткіштеріне бас қатыруы екіталай.
Үздік жас ойыншы – Юсуп Асуханов ("Ертіс")
Бұл форвард ересектер деңгейіндегі алғашқы толыққанды маусымға аяқ басты. Қараша айында Юсуп төрт шайба салды. Олардың біреуі павлодарлықтарға жеңіс сыйлады. Асухановтың өзін сұр мерген ретінде көрсетіп жүргені қуантады. Оның есебінде қазір 7 гол бар, алайда бір де бір нәтижелі пас беру жоқ.